Kyzylorda-news.kz  Төбелеске қатысқан 7 адам ғана қамалған. 

Талғардағы төбелесте 16 жастағы Шерзат қаза тапқан еді. Кейін оның әкесі істің дұрыс жүрмей жатқанына шағымданып, әділдік іздеп, Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасаған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz

Істі ішкі істер министрі бақылауға алдым дегенімен, марқұм жасөспірімнің тустары әлі де әділдікті іздейді. Төбелеске қатысқан 7 адам ғана қамалған. Марқұмның анасы Гүльбара Бишмбиева оқиғаның мән-жайын айта келе, баласын 7 емес, 13 адам ұрып-соғып, өлтіргенін мәлім етті.

«Пышақталғаннан кейін де құлап жатқан жерінен келіп үстінен тепкілеп жатыр. 13 адамның бәрі ұсталып, тиісті жазаларын алса екен деймін. Менің баламды өлтірген адам 20-25 жылға сотталсын. Әділдік сұраймын», — дейді Гүльбара Бишмбиева.

Полиция ұстаған 7 күдіктіні көру үшін уақытша қамау изоляторына туыстары кірген. Олар күдіктілердің жағдайы бостандықта жүрген адамдардан жақсы деп отыр.

«Қылмыскерлердің ұсталғанына көз жеткізу үшін тергеу изоляторына кірдік. Жетеуін жеті камераға отырғызып қойған. Жетеуі жеті жерде. Бірақ олардан «адам өлтірдік, баланың өмірін қыршын қидық» деп отырған өкінішті көрген жоқпыз. Алдында жеп отырғандары – қазы. Астында қалың матрац. Мен өзім еркіндікте жүріп қазыны бір айда бір жеймін. Алдарында қазы, басқа да тамақтар тұр. Анық, ұзақ қарай алмадым. Олар неге 7 адамды ғана ұстап отыр? Бұл жерде 2 қызды қосқанда 13 адам бар. Біз соңына дейін барамыз. Олардың қазы жемек түгілі қара су ішуге құқықтары жоқ», — дейді Шертзаттың әпкесі Бақыт Реймова.

Ал осыған дейін Шерзаттың әкесі оқиға болған күнгі видеоларды полиция өшіріп тастағанын айқан еді.

Кейін Алматы облысының полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарып, видеодан дәлел ретінде скриншот ұсынған. Онда жігіттердің арасында екі қыз да барын көруге болады.

«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Талғар ауданындағы қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілді деген жалған ақпарат тарауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қолда бар бейнежазбалар полиция тарапынан тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін хабарлаймыз.Қазіргі уақытта тергеу барысында барлық бейнежазбалар зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Редакция Алматы облысының полиция департаментіне төбелескен қатысқан 13 адамның бәрі неге ұсталмағанын, екі бойжеткен істің куәгері ме әлде күдіктілер қатарына жата ма деген сауалдарын жолдап, жауап күтіп отыр.

Еске салайық, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған еді. Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкеннен бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кеткен. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде дау туындап, жас бала кейін бір топ жігітті жинап әкелген. Осылайша, дүкен иелері мен жігіттердің арасында төбеле басталған. Ал 16 жастағы Шерзат әкесіне көмектеспекші болған. Қанды төбелесте оны пышақтап өлтірген.

Фото: видеодан кадр

Тағы да оқыңыз: