Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында  #BizBirgemiz акциясы аясында Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясының белсенді мүшесі, белгілі кәсіпкер Расул Есенов төтенше жағдай кезеңінде аз қамтамасыз етілген 250 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті.

Оның ішінде әр отбасыға 10 келілік күріш, 2 литрлік күнбағыс майы және 5 келі макарон өнімі таратылды. «Бұл менің азаматтық парызым» дейді жанашыр азамат.

Бұған дейін де Расул Әбутәліпұлының мұқтаж азаматтарға арнап қайырымдылық көмек көрсетіп келеді. Бірақ бұл жолғы көмектің орны бөлек. Өйткені ел-жұрт бұған дейін мұндай төтенше жағдайды бастан өткерген жоқ. Өкініштісі, қауіпті індет біздің ауданымызға да келіп жетті. Бұл сақтық шараларын күшейтетін уақыт келді деген сөз. Ал мұндай қысылтаяң шақта тек жүрегі ел деп соғатын азаматтар ғана қайырымдылық көмек көрсететіні айтпаса да түсінікті.

 І-топ мүгедегі Бақыт Жайсаңбаев жомарт кәсіпкерге шынайы ризашылығын білдірді.

“Қазір әлем халқы қиын жағдаймен бетпе-бет келді. Сақтық шараларының күшейтілгенін баспасөз құралдарынан күнделікті танысып отырмыз. Осындай кезеңде көмек көрсетіп, азық-түлік өнімдерін үлестірген Расул Әбутәліпұлы басқаратын «Углесбыт» серіктестігінің ұжымына алғыс айтамын. Жұмыстарына жеміс тілеймін”, – дейді ол.

Тағы да оқыңыз: