Kyzylorda-news.kzҚазақ халқының ұлттық ойыны қатарында асық ату мен бес асық та бар. Бұл баланы ойын ептілікке, мергендікке баулиды.  Ата-бабадан мирас боп жеткен  ұлттық спорттың халық сана-сезімі мен болмысында намыс пен рухты оятатын маңызды күшке ие. Жақында Ақтау қаласында «Асық ату» мен «Бес асықтан» Қазақстан Республикасының чемпионатын өтті. Республикалық көлемде алғаш рет өткізіліп отырған дүбірлі додаға 18 өңірден 300-ге жуық ойыншы қатысқан. 

Жарысты Маңғыстау жерінде өткізудегі мақсат – ұлттық ойынды өзге де өңірлерге насихаттап, шәкірттеріміздің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру. Сондай-ақ бұл чемпионат бірінші рет бірлескен түрде өтіп жатыр. Өйткені, биыл Астанада V Көшпенділер ойыны өтеді. Одан өзге Әлем чемпионаты жоспарлануда. Сонымен қатар ұлттық спортқа қатысты кешенді үш жарысымыз тағы бар, –  деді республикалық асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов.

Тартысты дода жеті күнге созылды. Сайыс нәтижесінде облысымыздың атынан қатысқан Қармақшы ауданы, Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектебінің 7 «Ә» сынып оқушысы Назыгүл Сәкенқызы мен 9 «А» сынып оқушысы Інжу Амантаева жүлделі ІІІ орынды иеленіп, қола медальды қанжығаға байлады. Айта кетейік,  оқушыларды осындай жетістіктерге қол жеткізіп, үздік нәтиже көрсетуінде мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Шерхан Сламханұлының еңбегі еселі. 

– Ұлттық спортты насихаттауға жас буынға ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға және дамытуға үлесімді қосқым келеді деп үйірме жұмысын жүргізіп жатқаныма 1 жылға жуық уақыт болды.  Қазіргі таңда үйірмеге 30-ға жуық бала қатысады. Оның ішінде 12 оқушыны осы Қазалыда өткен жарысқа апардым.  Шәкірттерімнің жеңісіне шын қуаныштымын. Енді наурыз айында болатын республикалық чемпионатқа дайындықты бастап кеттік. Бұйырса, ол жақтан да жүлдемен ораламыз деген ойдамын, – дейді жаттықтырушы Шерхан Сламханұлы.

Олжалы оралған оқушылар мен жетекшіге мектеп директоры Бақытбек Нұрманов салтанатты түрде құттықтап, ыстық ықыласын білдіріп, марапатын табыс етті. Ал бейсенбіде жүлдемен оралған қос қызға Қармақшы ауданы әкімінің алғыс хаты табысталды.  

 

Тағы да оқыңыз: