maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Сыр елінде өткен «Үздік әдіскер–2022» облыстық байқауында Жаңақорған аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Ақниет Ераханқызы жеңімпаз атанды. Үнемі тынымсыз еңбек пен шығармашылық ізденіс үстінде жүретін Ақниет Ераханқызының аудандық білім бөлімінің әдіскері болып қызмет еткеніне бес жылдан асты. Барлық қажыр-қайратын, күш-жігерін ауданның білім саласын дамытуға арнаған жас маманның еңбегі еленіп, марапат биігінен көрінді.

Ол 1996 жылы Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келді. №167 жалпы орта мектебін ойдағыдай тәмәмдап, 2014-2018 жылдар аралығында Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Математика» пәні бойынша білім алды. 2020-2022 жылдар аралығында Педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие болып, еңбек жолын бастады. Әуелі туған жері Жаңарық ауылында №167 жалпы орта мектебінде математика пәні бойынша мұғалім болып, жас ұрпақты білімге баулыды. 2019 жылдан аудандық білім бөліміне математика және кітапхана әдіскері қызметіне ауысып, бүгінгі күнге дейін талмай еңбек етіп келеді. Міне, осылай тәлімгерлік қызметке кіріскеніне көп бола қоймаса да, білікті жастың жеткен жетістігі аз емес. Айталық, «Оқуға құштар мектеп» және «Дебаттық қозғалыстар» жобасы аясында қосымша жұмыстар атқара отырып, көптеген семинар, вебинар, байқаулар өткізіп отыруды да күн тәртібінен түсірген емес.

Тәжірибелі маман өз ортасында жаңа қырынан танылды. Аудан бойынша «Оқушылар мен студент жастардың дебаттық қозғалысы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы мен «Ұшқыр ой» алаңы дебаттық клубтарының жұмысын жүзеге асыру мақсатында аудандық білім бөлімі жанынан барлық білім беру ұйымдарында дебаттық клубтар құрылып, 45 клубта 650 оқушы белсенді жұмыс атқаруда.

«Алдыңғы буын аға әпкелеріміздің ізін жалғап келе жатырмын. Аудандық білім бөлімінде қызмет атқарып келемін. Осында өткен әр күнімде бүкіл ғұмырыма татитындай өмірлік азық алуымен келемін десем, артық болмас. Мұндай салмақты ойға келуіме бөлім басшысы Болат Мақсұтұлының үлесі зор. Ол кісінің жиі айтатын сөзі бар: «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!» дейді. Бұл сөз үнемі санамда сайрап тұратыны соншалық, алдыма келген жұмысты бастамас бұрын, ой елегінен өткізуді үйрендім. Бұл менің бойымда жауапкершілік деген сапаны қалыптастыруға үлкен септігін тигізеді», – дейді жас маман.

Сондай-ақ, Ақниеттен атқарып жүрген жұмыстарына да тоқтала кетуін сұрадық.

«Өткен оқу жылында барлығы 48 іс-шара ұйымдастырылған болатын. Ауданымызда алғаш рет көш бастап, «Ұшқыр ой» пікірсайыс алаңы аясында «Дебат және біз» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Бұл шара арқылы біз тәжірибелі дебатерлердің жетекшілігімен біліктіліктерін жетілдіруіне, басқарушылық-ұйымдастырушылық жұмыстарды және турнирлерге дайындықты дұрыс, әрі тиімді ұйымдастыруды үйренулеріне қол жеткіздік. Семинар аясында аудандық білім бөлімінің бастамасымен арнайы «Debate club» сыныбы ашылды және аудандық білім бөлімі жанынан «Алтын ғасыр» дебат клубы құрылды. Клубта әр білім ошақтарында үздік деп танылған оқушылар дебат турниріне арнайы жабдықталган кабинетте машықтана алады», – деп көмейіндегі сөзді жүрекке жеткізе айтты.


Ақниет Ераханқызының білімділігі мен біліктілігі көпке үлгі. Өз саласының білікті маманы, ұжым ықыласына бөленген кейіпкеріміз көпшілдігімен, еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен білім саласының белгілі тұлғасы боларына сенім мол.
 

Тағы да оқыңыз: