Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының полиция департаментінде 15 маусым – Медицина қызметкерлері күніне орай «Ақ желеңді абзал жандар» атты салтанатты іс-шара өтті.
Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде болмасын сенімділікті сақтайтын, күн демей, түн демей қажет кезде адамдардың жанынан табылатын ақ халатты абзал жандардың мерекесі.
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, арашасы болып жүрген дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Мерекелік іс-шарада алғаш сөз алған облыстың бас полицейі, полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Ақ халатты абзал жандардың еңбектері қандай марапатқа болса да лайық. Дәрігерлеріміз аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдан келгенін аянар емес. Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында күн сайын мыңдаған адамның өмірі сақталуда. Біз барлық ақ халатты абзал жандарға адалдықтары, шыдамдылықтары үшін алғыс білдіреміз!» деді Серік Жүрсінбайұлы.
Мерекелік іс-шара барысында медицина саласында ұзақ жылдар қызмет еткен ардагерлер мен қызметте жетістікке жеткен қызметкерлер құрмет төрінен көрінді. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер би биледі.
Білім мен мейірімділкті ұштастыра білген ақ халатты абзал жандардың төл мерекесіне арналған іс-шара жылы шырайлы көңіл-күймен өтіп, медицина қызметкерлеріне деген құрмет пен алғыстың айқын көрінісіне айналды.