Kyzylorda-news.kz Бүгін Қызылорда облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовтің төрағалығымен облыстық мәслихаттың XХІІІ сессиясы өтті. Оған облыс әкiмiнің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат депутаттары мен облыстық басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде бес мәселе көтерілді. Атап айтқанда, облыстық мәслихаттың «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2024 жылғы 9 желтоқсандағы № 130 шешіміне, «Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы» 2024 жылғы 9 желтоқсандағы №143 шешіміне өзгерістер енгізу, «Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру», «Қызылорданың жасыл белдеуі» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі лауазымынан босату туралы мәселелер қаралды.
Сессия алдында өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында күн тәртібіне ұсынылған мәселелер егжей-тегжейлі талқыланған болатын. Соған сәйкес, депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданды.