Kyzylorda-news.kz Жергілікті мәслихат депутаттары тоқсан сайын халықпен кездесіп, атқарылған жұмыстарын баяндауда. Соның негізінде, «Тасбөгет» бастауыш партия ұйымында облыстық мәслихаттың фракция мүшелері кент тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Тұрғындармен кездесуге облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісінің орынбасары Мақсұт Нәлібаев, фракция мүшелері Алмас Рахметов, Балжан Шаменова қатысты.
Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасында Тасбөгет кентінде ауқымды жобалар жүзеге асты. Соның ішінде бір мезетте 100 келушіге арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенін, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы бойындағы көлік көпірін, қайта жаңғырудан өткен су торабын айтуға болады.
Фракция мүшелері азаматтардың мәселелеріне сараптама жасап, жергілікті атқарушы органдарға сауалдар жолдап, мәселені шешу жолдарын қарастыруда. Бұл жұмыстар легі ұдайы жүзеге асып отырады. Кездесуде белсенді партия мүшесі Жанат Қараманова партия филиалының жұмысына оң бағасын беріп, әрқашан азаматтармен тиімді диалог орнатуда атқарылып жатқан игілікті істер үшін алғысын жеткізді.