Kyzylorda-news.kz Бүгін «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық және қалалық мәслихатындағы фракция мүшелері Бақдәулет Мақашев, Нұркен Бақытбекұлы, Гүлшат Мұсаева және Мейрамбек Есжанов «Талсуат» ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Басқосуда өңірде атқарылып жатырған ауқымды жобалар түсіндіріліп, азаматтардың талап-тілектері тыңдалды.
Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасы аясындағы Жол картасы негізінде қаламызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның бірі – Талсуат ауылдық округіндегі 150 орындық ауылдық клуб құрылысы болатын. Аталмыш елді-мекенде партияның қалалық филиалының «Талсуат» бастауыш партия ұйымы белсенді жұмыс жасап келеді.
Кездесуде фракция мүшелері аймақ басшысының, партияның Сайлауалды бағдарламасы негізінде жүзеге асқан жобалар жайлы ақпарат берді. Былтыр «Руханият жылы» аясында 1000 орындық "Өнер орталығы" іске қосылды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдеріне арналған "Жыраулар үйі" ашылды.
Қызылорда облысының барлық 7 аудан орталығында 11 млрд. 500 млн. теңгеге "Руханият орталықтары" салынып, пайдалануға берілді.
Бұған дейін Талсуат, Қарауылтөбе ауылдық округтарында мәдениет үйлері, Тасбөгет кентінде дене шынықтыру кешені ел игілігіне табысталған болатын.
Жиында талсуаттықтар көкейде жүрген сауалдарын жолдап, фракция мүшелерімен пікір алмасты.