Kyzylorda-news.kz Облыста бастауыш ұйымдарда есепте тұратын ардагерлер саны - 68 мыңға жуықтайды. Зейнетке шыққан еш жерде есепте жоқ 17 905 ардагерлерді бастауыш ұйымдарға тіркеп, оларды ардагерлер қозғалысының барлық шараларына қатыстырып, ортаға бейімдеуде ардагерлер кеңесінің атқаратын рөлі айрықша. Ол үшін әрдайым олармен тікелей байланыста отырып, жұмыс істеу маңызды. Облыстағы және аудандағы ардагерлердің жай-күйі облыстық ардагерлер кеңесінің назарында. Келелі кеңесті облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ашып берді. Пленум аясында Данияр Жаналинов облыстың ардагерлер кеңесі мүшелеріне аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша облыс әкімдігімен атқарылған және жоспардағы шаралар туралы баяндама жасады.

- Мемлекет басшысы Сыр еліне жасаған сапарында облысымызды алтын бесікке теңеп, дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды өңір деп айрықша баға берді. Биыл бірқатар ауқымды, маңызы зор мерейлі шараларды атап өтеміз. Солардың ең бастысы - Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Облысымызда көзі тірі екі соғыс ардагері бар. Олар Сырдария ауданының Тереңөзек кентіндегі 104 жастағы Яхия Тасыров пен Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде тұратын, 101 жастағы Тілеуберген Тубабергенов ағаларымыз ғана қалды. Жалпы, ардагерлерімізді алаңдататын мәселе – сапалы медициналық қызмет алу. Ұлт саулығын нығайтып, ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету - мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ, пленумда қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, шешімін табады деген сенімдемін, - деді Данияр Еренғалиұлы.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев 2024 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Сонымен қатар, әр саланың ардагерлері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

- Өткен жылы облыстың 140 ардагері еліміздің 4 шипажайында ем алып қайтты. Өткен жылы 50-ден астам ардагерімізді еліміздің орталық өңірі – Ұлытау аймағының тарихи орындарымен таныстыру шарасы өткізілді. Далалық өркениеттің орталығы Жошы хан, Алаша хан, Алтын шоқы, Хан ордасы тарихи ескерткіштеріне зиярат етіп қайтты. Сонымен қатар 1000-нан аса облыс ардагерлері Арыстан баб, Түркістан, Үкіш ата және жергілікті Хорасан баба, Төлек ата, Сунақ ата кесенелеріне барып зиярат етті. Биыл да атқаратын ауқымды жұмыстар көп. Бірінші кезекте ардагерлеріміздің толық есебін алып, оларды бастауыш ұйымдарға тіркеп, іс-шараларға белсене қатыстыруын қамтамасыз етеміз, - деді Серік Әбішұлы.

Ардагерлер кеңесі пленум.jpeg

Тағы да оқыңыз: