Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ел экономикасының дамуына кедергі келтіретін қылмыстарды анықтап, олардың алдын алады. Департаменттің мәліметінше, биыл өңірдегі құқық бұзушылықтар саны азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аталған департамент басшысы Аслан Кеңес мәлімдеді.

– Қазір біз саннан гөрі сапаға көңіл бөлу ұстанымымен жұмыс жасаймыз. Яғни, залал мөлшері көлемді және бұған дейін жедел-іздестіру шаралары толық жүргізілген қылмыстық істерді анықтауға басымдық беріледі. Аса ірі емес құқықбұзушылықтар бойынша материалдар қаржы органдарына тексеруге ұсынылады, яғни салықтық әкімшілендіру шеңберінде қарастырылады. Қызылорда мұнайлы өңір болғандықтан, біз жүргізетін істерде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар да бар. Екі жыл көлемінде департаментпен осы бағыт бойынша 3 іс тіркелді. Бүгінде істер өндірісі аяқталып, сотқа жолданды. Экономикалық қылмыстарды халықтың әлеуметтік жағдайынан бөліп қарауға болмайды. Экономикалық өсу мен дамуға тосқауыл болатын әрбір қылмыстық әрекеттің қоғамға және адамдарға залалы орасан. Сондай қылмыстардың бірі – заңсыз ойын бизнесімен байланысты. Заңсыз ойын ұйымдастыру бойынша жыл басынан бері 6 қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды. «Онлайн казино» ұйымдастырушылары сот шешімімен тиісті жазаларын алды, – деді Аслан Кеңес.

Қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған тағы бір мәселе – қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтың қарқын алуы. Өңірдегі бұл мәселелер де департаменттің қатаң бақылауында.

– Әлеуметтік желі арқылы оңай олжа ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерді анықтау мақсатында тұрақты түрде арнайы ақпараттық жүйемен мониторинг жасалады. Бүгінгі күні департамент мамандарымен заңсыз ойын белгілерімен 250, қаржы пирамидасына қатысты 350 сайт пен сілтемелердің белсенді жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, Қызылорданың географиялық, экологиялық ерекшеліктерін, экономикалық дамуындағы өсу немесе төмендеу қарқынын ескере отырып, «Аумақтың криминогендік картасы» жасалды. Соның негізінде жүйелі проблемалардың 6 бағытын нысанаға алдық. Олар аймағымыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған мақсатты қаражаттың жымқырылуы, облыстық ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қатмасыз етуге бөлінген қаражатты заңсыз иемденіп және мақсатсыз пайдалануын тексеру және қала және қалааралық автомобиль жолдарын, оның ішінде «Қызылорда-Жезқазған» тас жолынын жөндеу мен салуға бөлінген қаражаттын иемденіп алмауын қадағалау. Оған қоса мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен басым бағыттар бойынша қылмыстарды алдын алу профилактикалық іс-шараларын қабылдап, облыста суармалы сулардың тапшылығына қатысты қылмыстарды анықтап, тергеуге және түпкілікті процессуалдық шешім қабылдауға баса назар аударатын боламыз, – деді тергеу басқармасының басшысы Жандос Кенжебаев.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: