Kyzylorda-news.kz  Облыста жолаушылар тасымалы жанданып келеді. Халықаралық рейстер де жақын арада ашылмақ. Маусым айынан бастап «Fly Arystan» әуе компаниясымен Түркияның Анталья қаласына тікелей рейс ашылды. Одан бөлек, облыста 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын автобус маршруттары ұйымдастырылған. 

– Автобустар қалааралық, 101-і аудандық, қалаішілік және қаламаңы бағытында жолаушылар тасымалдайды. Сондай-ақ Ташкент, Астана, Алматы, Шымкент қалаларына, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа өңірлерге автобус ұйымдастырылған, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ибрагим.

Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы алдағы уақытта ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жаңа нысан Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынған. Жалпы ауданы 7 500 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат сағатына 250-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.

– Жаңа әуежай халықаралық талаптарға сай болады. Онда халықаралық, ішкі рейстер және транзиттік жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған бірнеше зал бар. Сондай-ақ жолаушыларға ыңғайлы болу үшін телескопиялық трап, 2 эскалатор мен 2 лифт, автоматты түрде жүк тапсыру жүйесі, сауда орындары, медициналық көмек көрсету пункті, дәмхана, жүк сақтау және ана мен бала бөлмелері қамтылған, – деді Қорқыт ата әуежайының Басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев.

«Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі филиалының бас инженері Берік Бекжанов облыс басшылығының қолдауымен «Қазақстан темір жолы» компаниясы тарапынан Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін, сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстары арқылы ғимарат жаңа кейіпке енгенін атап өтті.

Тағы да оқыңыз: