Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 2022 жылдың 1 қарашасына әлеуметтік оңалтуды қажет ететін 25 412 өтініш берушінің 22 903-і портал арқылы электронды цифрлық қолтаңбасымен өзі таңдау жасап, әлеуметтік оңалту шараларын алды немесе 90,1%-ға орындалып, республика бойынша бірінші орынға шықты (2022 жылға жоспар – 90%).
Облыс бойынша инватакси қызметін 32 автокөлік жүзеге асырады (аудандарда – 17, Байқоңыр қаласында – 2, Қызылорда қаласында – 13). Оның ішінде 12 автокөлік арнайы арбаның көмегімен қозғалатын мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген.
Аталған 32 автокөліктің қызметін қамтамасыз ету үшін барлығы 75,0 млн теңге, оның 61,6 млн теңгесі облыстық бюджеттен (жергілікті бюджеттен 13,4 млн теңге) қаржыландырылды.
Ерекше қажеттілігі бар балаларға қосымша оңалту қызметтерін көрсету мақсатында өңірімізде 2017 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде иппотерапиямен оңалту қызметі жүзеге асырылуда. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 24,7 млн теңге бөлініп, 200 балаға иппотерапиямен оңалту қызметтері көрсетілді.
Жүргізілген оңалту шаралары нәтижесінде осы жылдың шілде және қыркүйек айларында Шығыс Қазақстан облысында ат спорты бойынша өткен республикалық Паралимпиадалық жарысқа қатысқан иппотерапиямен оңалту қызметін алушы Алтынбек Айару 3-орынды, Марат Ерасыл 2-орынды иеленді.
Сондай-ақ биыл мүгедектігі бар адамдар мен балаларды әлеуметтік қолдауға арналған әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізуге облыстық бюджеттен 12,7 млн теңге бөлініп, «Қызылорда облысының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігімен жасалған шарт негізінде мүгедектігі бар адамдар мен балалардың қатысуымен спорт жарыстарын, фестиваль, кино, музей, театр әлеміне, тарихи орындарға саяхат жасау іс-шаралары өткізілуде.
Сонымен қатар 2022 жылдың 10 айының қорытындысымен облыс бойынша аз қамтылған 11 329 отбасындағы 58 754 адамға 3 814,4 млн теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленді.
Өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау шараларын ұсынуға бағытталған өңірлік Әлеуметтік жол картасы қабылданып, іске асырылып келеді.
Жол картасы шеңберінде 2022 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан жататын 95 балаға облыс әкімінің гранты тағайындалып, өңірге қажетті мамандықтар бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда.
Қоғамдық көліктерде жол жүру шығындарын өтеуге аз қамтылған мектеп жасындағы 7 224 балаға 97,0 млн теңгеге әлеуметтік көмек төленді.
Спорт сауықтыру кешендерінде көп балалы отбасылардан шыққан 4 480 балаға 2,4 млн теңгеге ақысыз негізде тегін қызметтер көрсетілді.
Көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталған қайырымдылық шаралар өткізу Жол картаның маңызды бөліктерінің бірі болып табылады. Жыл басынан бері 15 мыңнан астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 243,6 млн теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Жергілікті өкілетті органдардың шешімдеріне сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жекелеген санаттағы 7 067 адам 718,1 млн теңгеге әлеуметтік төлемдер алды.

