Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
– 2025-2029 жылдары аймақта құны 1,8 трлн. теңге болатын 66 инвестициялық жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Қазақстан-Германия, Қазақстан-Корея форумдары аясында қол қойылған меморандумдарға сәйкес биылғы жылы «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн. дана шыны бөтелкелерін шығаратын және кореялық «Уиз-Ю» компаниясымен тұрмыстық қалдықтар өңдейтін зауыттарының құрылыстары басталады. «Қызылорда Саз-М» серіктестігі жылына 90 млн. дана заманауи кірпіш шығаратын зауыттың құрылысын биыл аяқтап, пайдалануға беретін болады, – деді Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов.
Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген.
– Жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық ауруханасы мен Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек орынға арналған ауылдық аурухана құрылысы аяқталып, іске қосылды. Шиелі және Арал аудандарында 30 төсектік инфекциялық бөлімшелер құрылысы және Жаңақорған, Шиелі көп бейінді аурухананың қосымша құрылысы басталды, – деді Данияр Жаналинов.
Айта кетейік, облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. «Қамқорлық» оңалту орталығы биылғы жылдың сәуір айында Арал ауданында ашылатын болады.
Биылғы жылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілген өзгерістер сатып алу процесінің ашықтығын арттыруға, тиімділігін жоғарылатуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
– Конкурстарды өткізу мерзімі 45 күнтізбелік күннен 10 жұмыс күнге азайды. Жергілікті мердігерлерге басымдық беру тәртібі қайта қаралып, облыс аумағында тіркелген мердігерлерге берілетін жеңілдік көлемі 1-ден 2%-ға дейін ұлғайтылды. Өзгертілген жаңа заңда мердігерлер үшін шектеулер күшейтілді. Қосалқы мердігерге берілетін жұмыстардың көлемі 50-ден 30 пайызға төмендетілді, – деді Данияр Еренғалиұлы.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі