Kyzylorda-news.kz. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстары басталып кетті. Биыл облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен 6973,5 мың доза ветеринариялық препараттар қаралып отыр.
Облысқа бөлінген 3438,3 мың доза (49,3%) ветеринариялық препараттар аудандарға таратылды. Қазіргі күні, 2023 жылға ветеринариялық іс-шаралардың 3 айлық жоспары толық орындалды. Алдын ала 854,6 мың доза егілді.
Диагностикалық тексеру
Бруцеллез ауруына қарсы жоспарлы және шектеу қойылған Қармақшы ауданы Ақжар ауылдық округінде, Сырдария ауданы Тереңөзек кенті мен Айдарлы ауылдық округінде уақ мал арасында сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан 142,0 мың бас мүйізді ірі қара, 203,2 мың бас уақ мал диагностикалық тексеріліп, 4 бас мүйізді ірі қара (Шиелі: Жиделіарық 4 бас), 108 бас уақ мал (Қармақшы: Ақжар 74 бас; Сырдария: Тереңөзек 1 бас, Айдарлы 31 бас; Жаңақорған: кент 2 бас) ауру болып анықталып, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес уақытылы сойылды.
Энзоотиялық аурулардың алдын алу
Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қажетті препараттар алуға мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілді. Жеңімпаздар анықталып, мүйізді ірі қараның пироплазмоз, жылқының сақау, гастрофиллез, түйенің трипанасомоз ауруларына қажетті препараттар аудандарға жеткізіліп, алдын ала егу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бірдейлендіру
2023 жылдың 1 сәуіріне ақпараттық жүйеде 1423,1 мың бас (400,6 мың бас мүйізді ірі қара, 739,4 мың бас уақ мал, 223,7 мың бас жылқы, 59,4 мың бас түйе) ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы мал саны 3,6%-ға өскен.
Үстіміздегі жылы барлығы 49,1 мың бас (23,0 мың бас мүйізді ірі қара, 20,9 мың бас уақ мал, 4,7 мың бас жылқы, 0,5 мың бас түйе) ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендіріліп, ақпараттық жүйеге енгізілді.
Қазіргі күні облыста құлақ жапсырмасы жеткілікті көлемде 307,7 мың дана (47,4 мың дана мүйізді ірі қара, 249,4 мың дана уақ мал, 7,3 мың дана түйе, 3,6 мың дана шошқа) бар.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2023 жылға 463,8 мың дана (132,0 мың дана мүйізді ірі қара, 318,2 мың дана уақ мал, 13,6 мың дана түйе) құлақ жапсырмасына тапсырыс берілді.
Қазіргі күні, облыс көлемінде эпизоотиялық жағдай тұрақты.
