Kyzylorda-news.kz Бүгінде Қармақшы ауданындағы құрылыс жұмыстары қарқынды. Жүргізіліп жатқан жұмыс пен қарқын алған құрылыс нысандарының басында қызу тірлік жүруде. Соған сай сәрсенбі күні Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Жандос Еркінбекпен бірге бір қатар құрылыс нысандарын аралады. Ең бірінші кезекте облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы Төретам кентіндегі табиғи газға қосу жұмыстарының барысымен танысты.
Жауапты сала басшыларына қысқа мерзім ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтап, көгілдір отынды ел игілігіне беруді тапсырды. Одан соң, Ақай ауылдық округіндегі құрылысы жүріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, жауапты мердігермен кездесті. Мердігерге құрылыс жұмыстарын сапалы етіп жасап, қысқа мерзімде аяқтау қажет екендігін ескертті.
Сонымен қатар, Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын қадағалады. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 15 372,6 шаршы метрді құрайды. Құрылыс барысын саралаған облыс әкімінің орынбасары тиісті сала басшыларына пәтерлерді уақытында аяқтап, халық игілігіне беру үшін жұмысты сапалы орындау керектігін қаперге салды.
