Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қабылдау кестесіне сәйкес Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап ұсыныс - тілектерін тыңдады.
Қабылдауға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, бірқатар жауапты басқарма басшылары қатысты.
Облыс әкімі орынбасарының қабылдауына 10 азамат келді. Олар жұмысқа орналасу, оқуға түсіру, еңбек даулары, кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытында өтініштерін білдірді.
Мәселен, қабылдауға алғаш болып келген қала тұрғыны «Қызылорда Балет Театры» жобасын ұсынып, жобаны іске асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ұлттық қорлар мен инвесторларға өтінім беру үшін ұсыныс хат немесе меморандумға отыру жөніндегі мәселелерді шешіп беруге көмек сұрады.
Келесі азамат өзінің жекеменшік балабақшада жұмыс жасайтындығын жеткізіп, балабақшада өзіне қатысты заңсыздықтар орын алып отырғандығын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары әрбір азаматтың өтінішіне жіті мән беріп, барлық өтініш бойынша жұмыс жасалатындығын жеткізді. Әрбір өтініштің мазмұнына сай тиісті басқарма басшыларына зерделеп, қолдау көрсету жөнінде тапсырма берді.
Жұмысқа орналасу, оқуға түсіруге қолдау көрсету бойынша өтініш иелеріне қолданыстағы заңдар аясында кеңес берді.