Kyzylorda-news.kz Облыс әкімінің орынбасары Зебешев Ардақ Темірханұлы өңірдегі іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды аралап, өндіріс орындарының қазіргі жағдайымен танысты. Нысандарды аралау барысында кәсіпорындардың жұмыс барысы бағаланып, алдағы даму жоспарлары талқыланды.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары жеке кәсіпкер «Достық» ЖШС-нің қапталған шыны өндіру цехында болды. Кәсіпорында заманауи технологияларды қолдану арқылы шығарылатын өнімнің көлемі мен сапасына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 500 шаршы метр дайын өнім шығарады. Алдағы уақытта компания шыңдалған шыны өндіру цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл толық өндірістік цикл қалыптастырып, нарыққа қолжетімді әрі сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Одан кейін, «Айна гласс» ЖШС-нің айна шығару зауытына барды. Зауыттың құрылыс және тұрмыстық салаларға қажетті өнім өндірудегі үлесі ерекше атап өтілді. Инвестиция көлемі - 1,5 млрд теңге, жылына 720 мың шаршы метр айна өндіреді. Өнімдер Алматы, Шымкент қалаларына және Түркістан облысына табысты жөнелтілуде.
Сонымен қатар, жоба бастамашысы алдағы уақытта жергілікті шыны зауытының шикізатын пайдалана отырып, жоғары сапалы екі камерлі терезелер мен шыны пакеттер өндіру жобасымен іске асыруды жоспарлауда. Жоба қуаттылығы - жылына 22,6 мың шаршы метр шыңдалған шыны шығару. Жоба құны - 5,5 млрд теңге.
Келесі, «Мелиоратор» ЖШС-нің газоблок шығару зауытына «Дезинфекция» ЖШС-нің қайталама шикізатты қайта өңдеу зауытының құрылыс басына барып, жұмысымен танысты. Бұл нысандарда жергілікті шикізатты пайдалану, өнім сапасын арттыру және өндіріс көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, «Абзал и К» ТС-нің күріш ақтау және «Алтын орда» ЖШС-нің ас тұзын өндіру зауыттарының жұмысымен танысты. Аталған жобалар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 2025 жылғы ақпан айында Қытай Халық Республикасына жасаған іс-сапары барысында қол қойылған келісімдер аясында жүзеге асырылуда.
Нысандарды аралау нәтижесінде Зебешев Ардақ Темірханұлы өңір экономикасын дамытуда өнеркәсіп кәсіпорындарының маңыздылығын атап өтіп, инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
