Облыс әкімі Сыр палуандарын жеңісімен құттықтады – Kyzylorda News
Басты бет

Облыс әкімі Сыр палуандарын жеңісімен құттықтады

21.04.2021, 14:33

1772 0

Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың 13-17 сәуір аралығында Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Азия чемпионы атанса, әйелдер күресінен Асылзат Сағымбай қола жүлдені иеленген болатын. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Айдос Сұлтанғали мен Асылзат Сағымбаймен кездесіп, жеңісімен құттықтады.

«Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда көптеген жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз Еліміздің мәртебесін асқақтатуда. Спортшылардың жеңісі Сыр жастарының жігерін арттырып, жаңа биіктерге жетелейді. Қазіргі уақытта коронавирус пандемиясы кезеңіндегі уақытша шектеулерге қарамастан спорттық нысандарды салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте, «Жұмыспен қамтудың» жол картасы бағдарламасы аясында 5 спорт кешені және «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 5 спорт кешенінің құрылыстары осы жылы басталуы жоспарлануда. Жыл басынан бері облыс спортшылары ҚР-ның чемпионаттары мен кубоктарында 329 медальды жеңіп алса, ірі халықаралық жарыстарда 12 медальға қол жеткізді. ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен балуан Дәулет Ниязбеков Токио Олимпиадасына 2 лицензия алды. Осындай мерейлі жеңістеріңізбен Сіздерді құттықтаймын!» – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында сөз алған чемпион Айдос Сұлтанғали спорттағы жетістіктерін одан әрі жетілдіріп, бұдан да жоғарғы белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді. Ал, Асылзат Сағымбай жастарға қолдау білдіріп, олардың сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасаған аймақ басшылығына алғысын білдірді.
Спортшыларды жарысқа дайындаған бапкер Ғабиден Райымбек облыстағы спорт саласындағы атқарылып жатқан орасан жұмыстар жастардың жеңіске жетуіне ыпал етті дейді.

«Спортшылардың жеңіске жетуіне еңбекпен қатар қолайлы жағдай қажет. Бүгінде аймақтың спорт саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жастардың алаңсыз дайындалуына мүмкіндік беруде. Сол үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Осы демеулердің арқасында алдағы уақытта да спортшыларымыз бәскелерде топ жарады деп сенемін», – деді Греко-рим күресінен ҚР-на еңбегі сіңірген жаттықтырушы Ғабиден Райымбек.

Шара соңында аймақ басшысы Айдос Сұлтанғали мен Асылзат Сағымбайға қаржылай сертификат тапсырып, естелік суретке түсті.

0

Пікір қалдыру