Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде Арал ауданының эпидемиологиялық ахуалына қатысты мәжіліс өтті.

Жиында аудан әкімі Мұхатар Оразбаев індеттің алдын-алу және таралуын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қазіргі таңға дейін ауданнан 115 адам «COVID-19» ауруын жұқтырғаны анықталып, оның 105-і жазылып шықса, 10 адам жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем алуда.

Жалпы 26 маусымнан бастап ауданда пневмониямен ауырғандар саны 746 адамды жетті.
Оның ішінде үй жағдайында 532 адам ем алып, оның 338-і қазіргі таңда жазылып шықты. Қалған 194 адам әлі де үйден ем қабылдауда. Барлық науқастар дәрігерлік емханалармен қатаң бақылауға алынған.

Бұдан бөлек, осы кезге дейін пневмония сырқатымен провизорлық режимде 214 адам ем алып, оның ішінде 100 адам жазылып шықты.
Сонымен қатар, тамыз айында Арал қаласынан қосымша А.Байтұрсынов ауылдық емханасынан 120 орындық, қыркүйек айында Жақсықылыш кенттік емхана ғимаратынан 25 орындық, қазан айында «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы базасынан 120 орындық, қараша айында Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінен 35 орындық провизорлық орталықтар ашу жоспарлануда. Қазіргі күні, барлығы 300 орынға шақталған ғимараттарды жөндеу, бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі күшейтілген режимде жұмыс жасауды және дәрі-дәрмек, қажетті аппараттардың жетіспеушілігін алдын-алуды тапсырды.

«Дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы бар. Облыс бойынша дәрі-дәрмек алуға 86 млн. тенгеге өтінім берілді. Оның ішінде әр ауданға 10 млн. қарастырылған. Бірақ бұнымен тоқтап қалуға болмайды. Дәрілік заттардың жетіспеушілігін алдын алуға жұмыс жасаңыздар. Арнайы құрылған мобильді бригадалардың әрі қарай жұмысын жандандыру қажет. Қосымша провизорлық орталықтарды жүйелі дайындықта ұстаңыз. Оттегі концентраторының саны да жеткілікті көлемде емес. Оттегі станциясын құруға әрекет жасаңыздар», – деді облыс әкімі Гүлашара Әбдіқалықова.

Ауданда барлығы 7 өкпені жасанды желдету құрылғысы (ИВЛ), 15 кислородты редуктор және күнделікті 15-20 кислородты баллондар пайдаланылуда.

Мұнымен бірге, алдағы уақытқа 200 койкіге төсек-жайма, қосымша 20 дана кислородты концентратор мен алғашқы керек заттарға «Аралтұз» акционерлік қоғамына демеушілік ретінде 54 млн. 500 мың теңге бөлуге тапсырыс берілді.
Айта кетейік, Арал ауданы бойынша 20 мобильді топ жұмыс жасауда.

Тағы да оқыңыз: