Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Ахатов Нұржан Байсын, Ыбырай Жақаев, Бидайкөл ауылдарының халқымен кездесіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен алдағы міндеттері туралы қысқаша ақпараттандырды. Тұрғындардың мәселелерін тыңдап, шешімін табу бағытында тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Аудан әкімінің бүгінгі кездесуі Жаңатұрмыс ауылдық округінде басталды. Ауыл тұрғындары жерге қатынастарына қатысты және білікті дәрігер бөлінсе деген мәселелерін айтты.
Атап өтсек, бүгінде Байсын ауылы толық көгілдір отынның игілігін көріп отырған елді-мекендердің бірі. Өткен жылы Жаңатұрмыс ауылдық округіне 35 млн 121 мың теңге бөлінсе, биылғы жылы 965 млн 809 мың теңге бөлінді.
Облыс әкімінің қолдауымен 250 орындық №207 мектеп құрылысына 942 млн теңге қаржы бөлінсе, жергілікті бюджеттен 2 көшесін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 20,5 млн. теңге, 1 дана трансформатор алуға 2 млн. 700 мың теңге қаралып отыр.
Жыл басынан бері 19 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік гранттын 1 адам алды, ақылы қоғамдық жұмыстармен 16 адам қамтылды. Елді мекендегі әлеуметтік нысандарға табиғи көгілдір отын кіргізу үшін қажетті жобалық сметалық құжаттары дайындалуда.
Келелі кездесу Ыбырай Жақаев ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары аудан әкіміне Жансейіт ауылы жанындағы қашыртқыларды қазып, тазалау жұмыстарын жүргізуді және жаңадан мектеп салу жөнінде, интернет байланысының төмендігі мен жайылымдық жер мәселелерін көтерді. Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы әрбір мәселе жан-жақты қаралып, кезең-кезеңімен шешімін табатындығын жеткізді.
Биылғы жылы Иіркөл ауылдық округіне 56 млн 944 мың теңге бөлініп отыр. №149 орта мектебінің буқазандығын қайта жабдықтап, газға ауыстыру жұмыстарына 35 млн.теңге, Жансейіт елді мекенінен 2 көшені орташа жөндеуге 12 млн 626 мың теңге қаралды. Мұнан басқа, ауылдық округ тұрғындарын тұрақты электр энергиямен қамтамасыз ету үшін 1 дана трансформатор алуға 2 млн 700 мың теңге бөлінді. Жыл басынан бері 38 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, жастар тәжірибесімен 11 адам, ақылы қоғамдық жұмыстармен 30 адам қамтылды.
Жансейіт елді мекенінен жаңадан 100 орындық мектеп салу бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Қазіргі таңда жобалаушы мекеме «Сартөбе» ЖШС жоба-сметалық құжаттамаға қайта түзету жұмыстары жүргізілуде, қорытындысымен сараптаманың қарауына ұсыналатын болады.
Аудан әкімінің ауылдардағы кездесуі Бәйтерек ауылдық округінде қорытындыланды. Бидайкөл ауылының тұрғындары әкімдік ғимаратын салып беру, спорт кешенінің құрылысын салу, ауылға кіреберіс төлқұжат орнату, жаңадан қоныстанған көшелердің электр энергиясының қуатын арттыру ұсыныстарын көтерді.
Аудан басшысы өткен жылы Бәйтерек ауылдық округіне 78 млн 661 мың теңге бөлінсе, биылғы 258 млн 164 мың теңге қаржы қаралғандығын, бұл қаражатқа ауылға кіре беріс көпірдің жаңадан салынып жатырған құрылысы, 3 көшенің орташа жөндеу және 6 көшеге жарық шамдарын орнату жұмыстарының жүргізіліп жатырғандығын айтып өтті.
Мұнан басқа «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында №148 мектептің қазандығын газды отынға ауыстыра отырып реконструкциялауға 34 млн 204 мың теңге, 1 дана трансформатор алуға 2 млн 700 мың теңге бөлінді. Қосымша елді мекендегі халық санының көп болуына байланысты балалар ойын алаңы мен ашық спорт алаңын салуға 13 млн. теңгеге жоба сметалық құжаттары әзірленіп, аудандық экономикалық, бюджеттік жоспарлау бөліміне ұсынылды.
Сонымен қатар, «Бидайкөл» шаруа қожалығы демеушілігімен 600 шаршы метрге баларлар ойын алаңын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақтам ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтуде.
Бүгінде Жаңатұрмыс, Иіркөл, Бәйтерек ауылдық округтері ішкі газ құбырлары толығымен жүргізіліп, көгілдір отынға қосылған елді мекендердің қатарында.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов үстіміздегі жылдың 16-23 тамыз аралығында ауданға қарасты барлық 22 ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізіп, жерлестеріміздің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.


