Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында 5 564 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның 562-і заңды тұлға, 3 126-ы жеке кәсіпкер, 1 876-ы шаруа қожалық.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов биылғы жылға аудан бойынша 25 млрд. теңге инвестиция тарту межесі бекітіліп, осы жылдың 7 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 млрд. 547 млн. теңгені құрап, сәйкес кезеңмен салыстырғанда 114,2 пайызға немесе 1,4 млрд. теңгеге көбейгенін айтты.
«Аудан бойынша жыл басынан жобалық құны 8млрд. 884 млн. теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылу жоспарланды. Жобалар толықтай іске қосылғанда 501 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Оның ішінде құны 6 млрд. 400 млн. теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталу жоспарлануда. Жобалар толықтай іске қосылғанда 230 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Атап айтар болсақ, «ADK GROUP Kazakstan» ЖШС-ның әк өндіру зауыты 1 млрд. теңге – 80 адам, «KUTAU SP» ЖШС әк зауытының құрылысы 2,4 млрд. теңге – 70 адам, «Шиелі Тас Оңтүстік» ЖШС әк зауыты және силикат кірпіш зауыты 3 млрд. теңге – 60 адам», – дейді Нұржан Ахатов.
Қазіргі таңда, 4 ірі инвестициялық жобаларға қажетті жер телімдері беріліп құрылыс жұмыстарын бастау күтілуде. Бүгінгі күні аталған жобалардың ішінен құны 384 млн. теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 46 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жыл басынан жалпы мемлекеттік бағдарламалар аясында жобалық құны 640,4 млн. теңгені құрайтын 49 жоба қолдау тауыпшағын несие қаражаттарын алды.
«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті дамыту және қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты бойынша 4 жоба 245 млн. теңгеге қаржыландырылып, 4 жоба 27,2 млн. теңгеге кепілдеме алды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында аудандағы «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығы бағытында жобалық құны 209,6 млн. теңгені құрайтын 8 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Қызылорда» Өңірлік инвестиция орталығы арқылы жобалық құны 90 млн. теңгені құрайтын 19 жоба қолдау алды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 8 жобаға 36 млн. теңге несие қаражаты берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымы арқылы 33 млн. теңгеге 6 жоба қаржыландырылды. Қосымша құны 25 млн. теңгені құрайтын 6 жобаның құжаттары әзірленіп, несиелендіруге жолданды», – дейді аудан әкімі Нұржан Ахатов.

