Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімі Нұржан Ахатовтың халықпен кездесуі Жуантөбе, Бестам, Телікөл, Ақтоған, Алмалы ауылдық округтерінде жалғасты. Кездесуге құқық қорғау саласының басшылары, дербес бөлімдер мен коммуналдық сала басшылары қатысты.

Үш ай бұрынғы кездесуде Жуантөбе елді мекені тұрғындары интернет желісін күшейту, елді мекенге аяқ су жеткізу, егістік жерлердің айналасында қазылған орларды бекіту секілді  мәселелер көтерілген болатын. Қазіргі таңда олардың барлығы дерлік шешімін тауып отыр. Мәселен, интернет желісін жақсарту мақсатында «Activ» байланыс операторының қондырғысы орнатылса, аяқ су мәселесін шешу үшін шаруа қожалық төрағаларының демеушілігімен Жуантөбеге аяқ су кіретін каналға арнайы бөгет (шлюз) орнатылып, су жолы тазартылмақ, ал мал жайылымдық жерлер түгелдей ашылған. 

Аудан басшысының келесі кездесуі Бестам ауылында жалғасты. Бұл ауылда өткен тоқсандық кездесуде елді мекендегі ветеринариялық пунктке тазалықшы штатын қарастыру, Ә.Әбуов көшесінің электр бағаналары мен сымдарын ауыстыру, Жайылымдық жер мәселесі және пада ұйымдастыру мәселелері қозғалып, толықтай шешілген. Сондай-ақ, Тоғызбаев көшесінен А. Құнанбаев көшесі аралығына 870 метр жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі алдағы уақытта шешімін табатын болады. 

Телікөлдегі ағайынның мәселесіне келер болсақ, ауылда жайылымдық жер, жаңадан дәрігерлік амбулатория салу, жедел жәрдем көлігін жаңарту мәселелері күн тәртібінде. 

Жайылымдық жер мәселесі шешімін тапса, ауылға дәрігерлік амбулатория ғимараты 2024 жылы салынбақ. Жедел жәрдем көлігінің жайы да үнемі бақылауда. Жаңа көліктер берілсе Телікөл ауылына да бір данасы берілмек. 

Ал, көршілес жатқан Алмалы мен Ақтоған ауылдық округтерінде өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан игерусіз жатқан жайылымдық жерді қайтарып алу, Алмалы ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жедел жәрдем көлігін жаңарту, «Самара Шымкент» авто трассасының 21 бекет елді мекені тұсына жарық шамдары орнату 2 трансформатор орнату, Алмалы елді мекенінде клуб үйін салу, Ақтоған мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері көтеріліп, алдағы уақытта шешілу жолдары қарастырылмақ.

Тағы да оқыңыз: