Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі 6 желтоқсан - Прокуратура күніне орай, аталған орган қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Құрметті прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді 6 желтоқсанда атап өтілетін кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Қазақстан прокуратурасының құрылғанына – 31 жыл толып отыр. Яғни, 1991 жылдың 6 желтоқсанында, ел тәуелсіздігімен қоса Қазақстан прокуратурасының да негізі қаланған болатын. Тәуелсіздікпен бірге прокуратура органдары да өзінің қалыптасу жолдарынан өтті. Жыл өткен сайын прокуратураның беделі еселеп өсіп, оның әлеуметтік маңыздылығы артта түсті. Мемлекет басшысы қойып отырған маңызды міндеттерді орындай отырып, прокуратура заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі мемлекеттің сенімді тірегіне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев прокуратура органдарының құзіретін күшейтіп, ықпалын арттыру мақсатында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойған болатын. Аталған заңның көмегімен прокуратура органдары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнес, қоғам және мемлекеттік мүдделерді қорғауға мүмкіндік алып отыр.
Қызылорда облыстық прокуратурасының тарихына назар аударатын болсақ, 1938 жылы облыс болып құрылғанға дейін уездік-қалалық, учаскелік прокуратуралар ғана жұмыс істеп келген. Уездік-қалалық прокуратурада прокурордан басқа екі техникалық қызметші жұмыс жасап, елдегі заңдылықты қалың көпшілікке түсіндіру, анықтама, тергеу, іздестіру, саяси басқарма секілді жергілікті органдарға қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырған.
Тәуелсіздік жылдарында Шиелі аудандық прокуратурасы көптеген игі істердің басында болып, өзге жандардың құқығына қол сұққан, ар-намысын қорлаған тұлғалардың бостандығын шектеу шараларында айтарлықтай нәтиже көрсете білді.
Ауданның тұңғыш прокуроры қызметін 1953-1955 жылдары Ә.Мәмбетов атқарса, осындай абыройлы да жауапты қызметті әр жылдары А.Сапарбеков, И.Сеитов, П.Әбдірахманов, А.Тұрғанбаев, Б.Ерғалиев, Б.Сыздықов, Ж.Жұмашев, Б.Аралбаев, Ә.Абдуллаев, И.Махшатов, А.Аймағанбетов, Н.Серікбаев, И.Төлегенов, О.Монтаев, Х.Жұмағұлова, Ә.Зейнулла, Н.Дүйсенбаев сынды азаматтар атқарып, елдің қауіпсіздігі мен игілігі үшін жасаған еңбектері ел есінде қалды.
Бүгінде Шиелі аудандық прокуратурасы жергілікті тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандырып, орын алған заңсыздықтардың жолын кесуде талмай еңбек етіп келеді.
Құрметті прокуратура саласының қызметкерлері! Ауданымыздағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын сақтау көбінесе сіздердің жұмыстарыңыздың түбегейлі бағдарына байланысты екендігін де атап өтпеуге болмайды. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Тәуелсіз еліміздің прокуратура саласындағы жауапты қызметтеріңізге жеміс, әрқашан биік тұғыр тілеймін! Әрдайым дендеріңіз сау, шаңырақтарыңыз шаттыққа, береке-бірлікке толы болсын!
