Kyzylorda-news.kz. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі салада табысты қызмет етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосқан 60-қа тарта аналардың қатысуымен салтанатты кеш өтті.
Салтанатты кешке аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өркен Исмаил арнайы шақыртылды.
Кеш барысында аудан әкімі Нұржан Ахатов ауданымыздың барша аналары мен қыз-келіншектерін ер азаматтардың атынан мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Шиелі ауданының өсіп-өркендеуіне, экономикалық әлеуетінің артуына әйел кісілердің сіңірген еңбегі зор екендігін тілге тиек етті.
«Қазіргі қазақ әйелі қабілеті мен қарымына қарай көшбасшы бола алатынын да дәлелдеді. «Әйел - кәсіпкер» «Әйел - саясаткер» «Әйел - қайраткер» деген ұғымдар өмірімізге енді. Бір ғана мысал, аудандық бөлімдердің екеуін әйел кісілер басқарып отыр. Батыр аналарымыздың да есебі жылдан жылға еселеніп, бүгінде ауданымызда 2495 батыр анамыз бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иелерінің саны – 957 ана болса, «Күміс алқа» иегерлерінің саны – 1538 анаға жетті. Осы орайда, қоғам мен мемлекет дамуына белсене араласып жүрген барша Аналарымызға, қыз-келіншектерге зор алғысымды білдіре отырып, мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.
Мұнан соң салтанатты кеш мерекелік қойылымдармен жалғасын тауып, мәдениет саласының майталмандары кештің көркін қыздырды.

