Kyzylorda-news.kz.  Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлады Elbasy.kz.

Назарбаев атап өткендей, Алғыс айту күні Қазақстан халқының бірлігін паш етеді, мейірімділіктің, өзара көмек пен жақсылықтың жаршысы болып саналады. Көктемнің алғашқы күнінде – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезеңде аталып өтуі бұл мерекеге ерекше сән береді.

“Бүгін біз қазақ халқының рухани ерлігі мен еліміздегі барлық этностардың басына түскен ауыр сынақтарды еске алып қана қоймай, келешекке зор сеніммен қараймыз. Қазақстан қоғамының келісімі мен татулығы ­– сол жарқын болашақтың берік іргетасы”, – дейді тұңғыш президент.

Ол коронавирус пандемиясына тойтарыс беру кезінде де қазақстандықтардың бірлігі айқын көрінгенін айтты.

“Қазақстандықтар мемлекетіміздің тұрақты дамуына қауіп төндірген жаһандық сынаққа ел болып жұмыла қарсы тұрды”, – деді Назарбаев.

“Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өрлеу мен өркендеуге бастайтын жол адамгершіліктің айнымас қағидаларына, толеранттылық принциптеріне, төл тарихымызға құрмет пен ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке негізделетінін тағы бір мәрте айғақтап отырмыз”, – деп атап өтті Елбасы.

Сөз соңында барлық қазақстандықты Алғыс айту күнімен құттықтап, мол игілік, мықты денсаулық, тыныштық пен бақ-береке тіледі.

Тағы да оқыңыз: