Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов туралы ой қозғады. Аймақ басшысы бұл туралы өзінің «Facebook» парақшасында жариялады.

«Қадірлі жерлестер! Бүгін Сыр елі үшін айтулы күн. Себебі, Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың Тұңғыш Премьер-министрі, біртуар азамат Ұзақбай Қараманұлын еске алуға арналған игілікті шаралар киелі Сыр төрінде бастау алды.

Қазақ қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен ел! Біз — өткенін бағалай білетін, қазіргісін саралай білетін халықтың ұрпағымыз. Кешегі өткен ұлыларымыз бен даналарымыз, билеріміз бен батырларымыз бүгінгі жастарға дәріптеліп, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табуда.

Осы игі бастаманың жалғасы ретінде қасиетті жұмада теңізді өлкенің тумасы, Сыр елінің мақтанышы Ұзақбай Қарамановқа көше атауы берілді.

Кең жүректі, қамқор көңілді абзал азаматтың құрметіне арнап «Тәуелсіздік түлеткен тұлға» атты республикалық конференция өткізілді.

Алқалы жиында қабырғалы қайраткерлер сөз алып, ілтипатын білдірді. Еңбекпен өрілген өмірінен естеліктер айтып, өр тұлға, қазақтың қабырғалы перзентінің есімі ерекше құрметтелді. Есімі алты алашқа танылған, нар тұлғалы азаматқа қандай құрмет көрсетсек те лайықты!

Алдағы уақытта облыс орталығынан ағамызға арналған бюст ескерткішін орнату жұмыстарын қолға алдық. Қазақтың бағына туған елі мен жері үшін аянбай еңбек ететін ұлы тұлғаларымыздың ізі өшпесін!», — деп жазды аймақ басшысы.

Тағы да оқыңыз: