Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына атсалысып, еңбегімен ерекшеленген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Қала әкімі алдымен шараға жиналғандарды мемлекеттің басты құжаты айбарлы Ата заңның ширек ғасырлық мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Конституциясына 25 жыл мерекелік медальдарын табыстады.
Марапаттау рәсімінде шаһар басшысы Елбасының тарихи бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан Конституциялық реформа қазақстандық қоғамның одан әрі саяси дамып жетілуіне, әлемдік қауымдастықтар алдында беделінің нығая түсуіне негіз қалағанын атап өтті.
Мерекелік жиында сөз алған ардагер Жарылқасын Шәріпов пен ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева тірлігі тату, бірлігі бекем, тәуелсіз еліміздің жаңа бейнесін қалыптастыруға жол ашқан Конституцияның маңыздылығына тоқталып, мәртебесі мәңгі биік болуын тіледі.