Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімдігінде аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен актив отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімімен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық, қалалық мәслихат депуттартары мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысты.

Активте 8 жылдан астам уақыт Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарып, 1 сәуірден бастап Премьер-Министрдің өкімімен жаңа лауазымға тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаевқа құрмет көрсетіліп, Қызылорда қаласының “Құрметті азаматы” атағы табысталды.

Басқосуда Гүлшара Наушақызы шаһар басшысының сегіз жылда атқарған ауқымды жұмыстарына тоқталып, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық дамуы жолындағы жемісті жұмысын ерекше атап өтті.

Сонымен бірге өңір басшысы Нұрлыбек Машбекұлының алдағы уақытта жаңа қызметінде қолға алар ел мүддесі жолындағы әрбір бастамасына Сыр халқы қашан да тілекші екендігін жеткізіп, беделді биіктерді бағындыруын тіледі.

Қаланың соңғы жылдардағы даму қарқыны Нұрлыбек Машбекұлының ерекше ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілетінің жемісі деген медицина саласының білгірі, сала ардагері Тұрғанбай Маханов тазарған, жаңарған, жанданған шаһарымыздың қол жеткізген көп жетістігін де қала әкімінің еңбегімен байланыстырды.

Сонымен қатар актив отырысында мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев, облыстық мәслихат депутаты Шакизада Әбдікәрімов пен қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев Нұрлыбек Мәшбекұлының еңбек жолына, ел қызметіндегі еселі еңбегіне ерекше тоқталды. Өз кезегінде Нұрлыбек Нәлібаев сөз алып, алғысын білдірді.

«Қала әкімі қызметін атқаруға мүмкіндік жасаған Елбасы мен Мемлекет басшысына, аймақ басшыларына, жақсылығымызды асырып, кемшілігімізді кешірген Сыр халқына алғаусыз алғыс айтып, мені қолдаған барша әріптестеріме шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Қызылордаға әкім болып, қала тізгінін қолға ұстағалы бері атқарған жұмысымызды жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймын. Қаланы дамыту жолында ауқымды тірлікті жалғыз өзім істедім деуден аулақпын. Бірге қызмет атқарған әріптестерім, тіпті тұрғындарға дейін жұдырықтай жұмыла білді. Қызылорданың келешегіне бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың пікірімен санастық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатады. Біз айтылған әрбір сыннан, пікірден, кеңестен нәтиже шығару үшін жұмыс жасадық. Бірлесе артқарған жұмыс көп. Әрине, бәрін керемет қылып тастадық деуден аулақпыз. Сыр елінің, жыр елінің жүрегі, орталығы болып отырған Қызылорданың мен үшін орны қашан да ерек болып қала береді. Қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та туған жер үшін еңбек етуді жалғастырамыз. Мен Сыр жұртын, оның ішінде Қызылорданы ерекше қатты жақсы көремін» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Тағы да оқыңыз: