Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында әлеуметтік азық-түлік тауарлары мәселесі қаралды.

Жиынға ведомство басшылары, өңір әкімдері қатысты. Бірқатар министрлер мен облыс әкімдері баяндама жасады. Бүгінгі күні бірқатар азық-түлік өнімдерінде баға өсімі байқалады.

Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорында тапшылықты болдырмау, баға тұрақтылығын сақтау және өнімдерді сатып алу мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде азық-түлік тапшылығын туындатпас үшін қажетті қор көлемін ұдайы анықтап, әлеуметтік дүкендерде өнімнің жеткілікті болуын тапсырды. Сондай-ақ, базар мен сауда нүктелеріндегі халық жиі тұтынатын өнім бағасының шекті бағадан аспауын қадағалап, тұрақтандыру қорының жұмысын күшейтуді, халыққа қызмет көрсететін нысандардың тазалығына жете мән беруді жүктеді. Ал, аудан әкімдеріне аймаққа қажетті өнім қорын қамтамасыз ету үшін әрбір ауылда бақша дақылдарын егу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Қазіргі күні тұрақтандыру қорында 82 тонна картоп, 4,5 тонна пияз, 136 тоннасы қант қоры бар. Сондай-ақ, форвардтық келісім арқылыТүркістан облысынан 100 тонна ерте пісетін қырыққабат бір апта ішінде жеткізіле бастайды.

Тағы да оқыңыз: