Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының активі Президент Жолдауын талқылады.

Алқалы жиында Қызылорда облыстық медицина орталығының директоры, облыстық мәслихаттағы «Amanat» партиясы фракциясы мүшесі, партия филиалының жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Нұридин Әмитов баяндама жасады.

Баяндамашы Жолдауда айтылған Жаңа Қазақстанға қадам басқан ұлттың саулығы жолында қажетті батыл қадамдарды сөз етті.

«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», – деді Президент. Мемлекет басшысының бұл сөздері барша медицина саласының мамандарына соны серпін берді. Жолдауда денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілетінін айтты. Саладағы жылдар бойы қордаланған түйткілдер шешімін табуы керек. Президент медицина саласына қаржының жеткілікті бөлінбей отырғанын ашық айтты. Сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмейді. Бұл туралы Президент «бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті», – деген болатын. Осы орайда Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ Президент медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігін айтты. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалануды тапсырды», – деді Нұридин Әмитов.

Мемлекет басшысы «Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет.Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» деген еді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоғын айтты. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.

«Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Бұл жоба бағыттары жүзеге асса, шапағатын халық көреді», – деді орталық директоры.

Президент денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдіру керектігіне назар аударды.

«Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді. Жолдауда ел игілігі үшін жасалуы қажет айқын мақсаттар айтылды. Оны жүзеге асыруға бәріміз бір кісідей атсалысайық», – деді Нұридин Әмитов.

Тағы да оқыңыз: