Kyzylorda-news.kz. Ауданда шешімін таппай тұрған немесе шешілуі керек өткір де өзекті мәселелер жоқ емес. Ал бұл маңызды істердің атқарылуына, түйінінің тарқатылуына мұрындық бола алатын кәсіби деңгейдегі парасат-пайым иелері – депутаттар екені баршамызға мәлім. Біздің арамызда да тұрғындардың өзі сайлап алған, аз ғана уақыт ішінде халықтың сенім үдесінен шығып үлгерген жандар бар. Солардың бірі – «Арман» мәдениет үйінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Шәлекеева. Біз жаны нәзік болса да, көптеген істі атқарып, ел алғысын алып жүрген жанмен әңгіме өрбіттік.

– Нұргүл ханым, сұхбатымызды бастамас бұрын әуелі өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз?

– Сұхбатқа шақырғаныңызға рақмет! Мен, 1985 жылы 15 шілдеде дүние дидарына келгенмін. Үйдің тұңғышымын. Қарапайым отбасында өстім. 1992 жылы №45 Ақ орда мектеп-гимназиясының табалдырығын аттап, сол жерде білім алып, 2003 жылы мектепті тәмамдадым. Мектеп бітірген соң, Қызылорда қаласындағы бұрынғы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Физика және математика» факультетінің «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік  мұғалімі» мамандығын үздік дипломмен аяқтадым. Қолыма диплом алған соң, алғашқы еңбек жолымды өзім оқыған мектептен бастадым. Міне, содан бері басқа қалаға бармай, ауданымыздың дамуы үшін қолымнан келгенше қызмет етудемін. 2012 жылдан бастап «Арман» мәдениет үйінде жұмыс істеп келемін.

– Керемет! Енді сайлауалды бағдарламаңызға кішігірім тоқталып өтсеңіз…

– Әрбір депутат – халықтың сенімінен шығу үшін барын салады деп ойлаймын. Мен де өз сайлауалды бағдарламамда шешілуі тиіс бірқатар маңызы бар істерге тоқталдым. Солардың бірі – 2024-2025 жылдар аралығында №4 «Әл-Фараби» сайлау округіне қарасты аумақты электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялауға ықпал ету. Сондай-ақ сайлау округіне қарасты аумақтарда аяқ су мәселесінің шешімін табу да ¬жоспарда бар. Бұдан бөлек, Шиелі кентінде орталықтандырылған кәріз су жүйелерін жүргізуге, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізуге, сайлау округіне қарасты аумақтарға жаяу жүргіншілер жолдары, көше шамдары, жолдарды жөндеу жұмыстарына ықпал жасауды да назардан тыс қалдырған жоқпын. Ал сайлауалды бағдарламаммен әрбір тұрғын әлеуметтік парақшамнан немесе басқа да ақпарат құралдарынан оқып танысты деп ойлаймын.

– Жалпы сізді аудан тұрғындары өнер адамы ретінде таниды. Оның үстіне сізді үнемі белсенді ортадан кездестіреміз. Өтімді – ой, өрнекті – сөз айтасыз. Бәлкім, бұл қасиетіңіз біреуге ұқсаған шығар?

– Мүмкін. Жалпы адамға қасиетті әуелі Алла, одан кейін ата-ана, мектеп, ұжым үйретеді деп ойлаймын. Мектеп демекші,  бұрын  оқушы кезімде сынып жетекшім: «Менің Нұргүлім жер қозғалса да қозғалмайды» деп әзілдейтін. Бұлай айтқаны – мені барынша сабырлы дегісі келгені шығар. Ал қазір бәрі басқа. Жұмыс, қарбалас өмір болғандықтан, кішкене сабырсызданып кететінім бар. Барлығына жауапкершілікпен қарағандықтан, бәрінің тиянақты, ойымдағыдай болғанын қалаймын. Әрдайым жаңашылдық іздеймін. Жұмыста да іс-шараларды барған саяхатымнан, өзге елдердегідей етіп, қазақы менталитетке салып өзгертуге тырысамын. Бәлкім бұл да бір қасиет шығар?! 

– Бүгінгінің депутаты қандай болу керек? Депутат мандаты сіз үшін нені білдіреді?

– Депутаттық мандат – үлкен жауапкершілікке жетелейді. Жалпы депутат болу үшін – әділдік, іскерлік, адамгершілік қасиеттер жоғары болу керек деп ойлаймын.Ең бастысы – өзіңе жүктелген міндетті сезініп, оны ойдағыдай алып шығу керек. 

– Өз аймағыңыздың тұрғындарымен жиі кездесесіз бе? Мұндай кездесуде тұрғындар көбіне қандай мәселені жиі қозғайды?

– Бүгінге дейін екі рет қабылдау жүргіздім. Бірінші қабылдау – «Аманат» партиясының ғимаратында өтті. Екінші қабылдау – шілде айының төртінші жұлдызында аудандық мәслихат ғимаратында өтті. Тұрғындар көбінесе денсаулық мәселесін жиі қозғайды. Сонымен қатар, көбісі мүгедектікке байланысты мәселенің шешілуін сұрайды. Халықтың ішінде тұрғын үй мәселесін де қозғап келетіндер баршылық. Бұдан бөлек, жеке бас жұмысын айтып, шағымданатындар да жоқ емес. Әрине, депутат – бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болғандықтан, мәселелердің шешімін табуға күш саламыз. 

– Жалпы сіз депутат болып сайланғалы да төрт айға таяп қалыпты. Осы уақыт аралығында халықтың игілігі үшін қандай тындырымды тірліктер атқарып үлгердіңіз? Нендей мәселелер шешімін тапты?

– Әрине, осы төрт айдың ішінде көп нәрсені тындырып тастадым деп айта алмаймын. Дегенмен қолымнан келгенше біршама мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрмін. Өзіңіз білетіндей, жол мәселесі – бүгінгі тұрғындардың үлкен мәселесіне айналып отыр. Депутат болып, өзіме жауапкершілік алғалы қазіргі таңда Мырзахметов, Иманбеков, Базарбаев, Едігеев, Ердешбаев, Нұртазаев көшелеріне асфальт салынып жатыр. Мұның өзі мен үшін – үлкен жетістік. Ал алдағы уақытта әл-Фараби, Досбол Датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылай хан, Шәкәрім көшелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. 

– Елімізде халықтың мұңын тыңдап, бұқараның базынасына құлақ түріп жүрген әйелдердің саусақпен санарлық екенін беске білеміз. Ал біздің өңірде дәл қазіргі уақытта мандаттық міндетін атқарып, халық үшін аянбай еңбектеніп жүрген жалғыз іскер әйел ол – сіз. Айтыңызшы, жаныңыз нәзік болса да, мықты болуыңыздың себебі неде? Іскер әйел болудың қиындығы бар ма? 

– Әрине, 14 депутаттың ішінде жалғыз әйел адам болып жұмыс істеу – алғашында оңайға соққан жоқ. Мүмкін бұл іс маған үлкен тәжірибе алып келетіндіктен берілген шығар. Бастапқыда үйренісе алмадым. Ал қазір бәрі оңай әрі жеңіл. Іскер әйел болу үшін – бақытты әйел болу қажет. Оның барлығы маған отбасымнан келетін үлкен күш. Мен шабытты ет жақындарымнан аламын. Сондықтан жұмысымды да жеңіл, еш қиындықсыз атқарамын.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: