Kyzylorda-news.kz. Әнші Мұқасан Шахзадаев «Нұр-Мұқасан» тобы неліктен тарап кеткенін және топ мүшесі Нұрлан Қонысбаевпен не үшін араласпай кеткенін түсіндірді.

Бұл туралы әнші YouTube желісіндегі «Уақыт көрсетеді» бағдарламасындағы сұхбатында айтып берді. Әншінің айтуынша, таныстығына 30 жылға жуық уақыт болған топтың қайта қосылуына өнердегі біраз адам әрекет еткен. «Бауырларыммен отырып, сөйлескен күндер болған. Бірақ ол жерде жігіттердің көзінше айтатынымды айтып бердім. Былай, былай болды деп. Ары қарай өздерің шешіңдер дедім. Менің қосар дымым жоқ», — дейді әнші.

Әншінің айтуынша, олардың арасында ақша мәселесі де көтерілген көрінеді. «Мәселе ақшаның сомасында емес. Ең бастысы — көңіл. Қаншама жыл жүріп досың сені сондай күйге қалдырады деп… Бірақ мен оны қозғаған да емеспін. Ол жайлы әңгіме де болған емес. Оның бәріне көз жұмғанмын. Жүректе дақ бар. Оның менің әкеме тіл тигізген сөздері, өзіме тіл тигізген сөздері бар. Мен сол сөзге бола шын мәнінде қатты ренжідім. Бірақ оған ақша, дүниенің еш қатысы жоқ. (…) Кейіннен екеуіміздің бөлек кетуіміздің де себебі — мен бұрынғы Нұрланымды таппай қалдым. Ол енді отбасы болғаннан кейін, үйленіп, есейгеннен кейін ондай болады», — дейді Мұқасан Шахзадаев. Журналистің топтың тарауына Мұқасан Шахзадаев кінәлі ме, жоқ па деген сұрағына әнші былай деп жауап берді: «Өзімді кінәлімін деп санамаймын. Бірінші, оны бір Алла біледі. Бірақ өз басым өзімді кінәлімін деп санамаймын. Нұрланды да қатты кінәлай алмаймын. Әрине, біз ырымшыл халықпыз. Бәлкім тіл-көз, бәлкім арамызға от салған адамдар бар шығар (…). Қазір араласпаймыз», — деді әнші.

Дуэттің өнер жолы 1990-жылдардың басында «Бауыржан шоу» театрынан басталған. Топтың «Махаббат мәңгі ертегі», «Құдаша қыз», «Не пайда», «Бақытыңды жырлайды», «Іздеймін сені», «Неткен өмір» атты әндері жұртшылыққа кең таралған.

Тағы да оқыңыз: