Kyzylorda-news.kz   Соңғы уақытта республикалық маңыздағы «Самара-Шымкент» автожолында жол көлік апаттары азаймай тұр. Күре жолдың облыс аумағы аралығында жыл басынан бері 40-тан аса жайсыз оқиға тіркелген. Трассадағы қақтығыстан 49 жолаушы түрлі дене жарақатын алып, өкінішке орай 17 адам көз жұмды. 

Көлік апаттарына көп жағдайда жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы себеп. Сондай-ақ, қараусыз жүрген үй жануарларының жол бойына шығуы да жағдайды ушықтырып отыр. Күні кеше Қазалыдан қалаға бет алған «Toyota camry» автокөлігі Жалағаш ауданы Аққұм ауылыныың тұсында жылқы қағып, жол апатына ұшырады. Абырой болғанда, адамдар аман. Жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ал иесіз жүрген малдың сырғасы жоқ болып шықты. Жапырылған көліктің жүргізушісі құқық қорғау органдарына арыз түсірді.

«Өкінішке орай, биыл жолдағы жол апаттары 21 пайызға өсіп тұр. Әсіресе, ауылдық елдімекендердің тұсында көліктердің мал қағу жағдайлары жиілеп кетті. Көбіне күн ұясына батып, кеш қарайған уақытта жүргізушілер жолға шыққан түлікті байқамай қалады. Бұл бағытта «ҚАЖсервис» компаниясы қызметкерлері мен полиция өкілдері бірлесіп, ауыл-ауылды аралап, көпшілікке түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Ең бірінші кезекте малын ауыл сыртына жаятын тұрғындарға үй жануарларына арнайы жарыққайтарғыш алқалар тағуын талап етіп жатырмыз»,- дейді «ҚАЖсервис» ЖШС Қызылорда облыстық филиалының бас инженері Нүркен Манап.

Жалпы күре жолдағы көлік апаттарының алдын алудың бірден бір жолы қауіпсіздікті сақтау. Біріншіден, жүргізушілер жолда жылдамдықты шамадан тыс асырмай өз өмірі үшін жауапкершілікті сезінуі керек. Екінші, жол бойындағы ауылдарда тұрғындар пада ұйымдастырып, малды қараусыз қалдырмауы тиіс.

Тағы да оқыңыз: