Kyzylorda-news.kz. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2021-2022 оқу жылы домбыра сабақтарымен аяқталды.

Сыр өңіріндегі NIS-те өткен «Күй құдіреті» атты ашық сабақта қазақ музыка өнерінің тарихы мен ерекшеліктері басты тақырып болды. Белгілі сазгер, педагог Үкітай Ерниязов домбыра тартудың түрлі техникалары бойынша тәжірибелік сабақтар өткізді. Топтық тапсырмада балалар «Тел қоңыр», «Аққу», «Ақсақ құлан» секілді танымал күйлерді талдады. Жас музыканттар атақты «Балбырауын» күйін орындап, оқу жылын ерекше шабытпен қорытындылады.

Ал елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен домбыра сабағын Гиннестің рекордтар кітабына енгізу жоспарланып отыр. Қазақ халқының басты музыкалық аспабында бір мезгілде мың оқушы ойнады. Ең ауқымды домбыра сабағына қосымша білім беру педагогы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Мыңдаған оқушының орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды.

«Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды. Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан бүгінгі күнді тарихи деп атауға болады», – деп мойындады «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Guinness World Records-қа (GWR) өтінім 2021 жылдың желтоқсан айында берілді. Гиннесс рекордтар кітабының талаптары бойынша ауқымды сабақты 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалады. Әрбір 50 қатысушыны бір тәуелсіз стюард бақылап, бейнежазба аймағынан шыққан немесе қажетті әрекетті орындамаған топтағы кез-келген қатысушыны дисквалификациялау жұмысына жауапты болды. Куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, рекордтың орнауы мен Кітаптың барлық критерийлерінің толық сақталуын қамтамасыз етті.

Қазақ халқының басты ұлттық аспабы – домбыра Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символына айналды. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық NIS-те домбыра пәнінің элективті курстары енгізіліп, оның аясында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлерінің тарихы міндетті түрде оқытылады, ал ең танымал жобалардың қатарында «100 күйдің тарихы» жобасы бар, барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді, домбыра сабақтары математика, физика, шет тілі сабақтарымен ұштастырылуда, жас музыканттар «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобында жыл сайын ел сахналарын бағындырып жүр. Домбыра мен ұлттық музыкаға деген қызығушылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс NIS-тің халықтық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау бойынша ауқымды бағдарламасы аясында іске асырылып келеді.

Тағы да оқыңыз: