Kyzylorda-news.kz. Елімізде халықтың 84 пайызында несие болса, екі миллионға жуық адам қарызын қайтара алмай отыр. Банктер мен қаржы ұйымдарының барлығы дерлік жаппай халыққа үлкен пайызбен несие беру арқылы мол пайдаға кенелудің жолын жақсы игеріп алған. Ал, қарапайым халық қарыз алуды қаржылық қиындықтан құтылудың ең оңай жолы деп ойлайтындар аз емес. Көбі бірнеше несие алып, қарызды қарызбен жабуды әдетке айналдырған. Әсіресе, «жалақыға дейін онлайн ақша» сынды қызмет түрін жиі қолданады. Олар бір ғана құжатпен, айлық табысты зерделемей 200 мың теңгеге дейін қаражат береді. Осылайша, жалақы алғанда ақшасын түгел дерлік сол несиелерін жабуға жұмсап, қайтадан қарызға кіруге мәжбүр болады. Әрине ешкім жетіскендіктен қарыз қамытын кимейді, тұрмыстық тауқымет соған итермелейді. Күнделікті ішетін тамағы, киетін киімі, басында баспанасы, коммуналдық төлемдері мен ұсақ-түйік қажеттіліктеріне айлық табысы жетпейді. Күнкөріске жарамды жалақысы болса қарапайым халықтың несие алып несі бар?
Жақында ғана ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов: «Қазір онлайн несиені 14-16 жастағы жасөспірім рәсімдей алады. Ол үшін смартфон мен интернет қана қажет. Осындай жаста қаржылық жауапкершілік алуға бола ма? Нәтижесінде олардың қарыздарын ата-аналары, атасы немесе апасы төлейді», – деді. Ал, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёханың сөзінше, 2023 жылы несие алып, қарызға батқан 12 қазақстандық суицид жасаса, 40 азамат несиені өтеуге қажетті ақшаны табу үшін түрлі қылмысқа барған екен. Осы тұста, Antidolg.kz әлеуметтік заңгерлік қызмет көрсету ұйымы Қазақстанда онлайн-қарыз алуды машық қылғандардың портретін жасап шығарыпты. Ұйым қазақстандықтарға жалақыға дейін қарыз беретін отыздан аса компанияның белсенділігіне сараптама жасап, кредиторлардың қаражатын еселеп жатқандардың жалпы портретін жасады. Google Analytics мәліметінше, жылдық пайызы 100 болатын несие беретін компаниялардың сайттарына 25-34 жас аралығындағы ер адамдар жиі кіреді екен. Екінші кезекте - 35-44 жастағы ер адамдар бар екен. – Дәл осы жастағы қазақстандықтар онлайн-қарыз алу салдарынан көбіне ірі сомадағы қарызға белшесінен батады екен. Олар несие тарихын бүлдірген немесе алдағы уақытта бүлдіреді. Кішігірім онлайн-қарыз үшін көптеген отбасы жақсы әрі тиімді мемлекеттік тұрғын үй несиелеу бағдарламасына қатысу мүмкіндігінен айырылып жатады.
Онлайн-қарыз алуға қарағанда бұл әлдеқайда өмір сүру сапасын жақсартады", - дейді Antidolg.kz директоры Нұрхан. Расында, еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары несиені есепсіз беріп, қарапайым халықтың несібесінен айырды десек қателеспеспіз. Керек десеңіз, бір адамның басында бір емес, бірнеше несиеден қордаланған көп қарыздан басы қатып, өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының да жиі қылаң беруі алаңдатарлық жай. Қаржылай несие өз алдына, ұялы телефоннан бастап тұрмыстық техниканың барлық түрі, үй жиһаздары да несиеге рәсімделуде. Оны да тегін бергендей алып, банк алдындағы берешегін төлей алмай, дүние-мүлкінен айрылып жатқандар қаншама. Байқағанымыздай, бізде халықтың қаржылық сауаты төмен екені аңғарылады. Осыны банктер уақытында пайдаланып, ашықтан-ашық алдауға көшкен. Ақпараттарға көз жүгіртсек, Ұлттық банк тізімінде 100 шақты шағын қаржылық ұйымдар бар екен. Екінші деңгейлі банктер мен шағын несиелік ұйымдармен интернет желісі арқылы несиелендіру бағдарламаларының да көпшілік арасында кең қолданыс тауып жатқанын анық байқауға болады. Яғни, «айлыққа дейін» азаматтарға берілетін орташа құны 30-50 мың теңге шамасындағы несие беретін ұйымдардың жұмысы қызып тұр. Мұндай ұйымдар ұсынатын қаржының тиімділі уақыт пен құжат жинауды талап етпейтін ұтқырлығы. Ал, тиімсіз тұстары шаш етектен. Солардың біршамасын санамалап көрейік.
Ең бірінші тиімсіз тұсы – пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылығы. Алынған несиенің пайызы күн санап артып отырады. Төлем кешіккен әр күн үшін 1 пайыз өсім қосылып тұрады. Сол үшін де ондай ұйымдар қарыз алушыны несиесін тезірек төлеуге асықтырмайды. Себебін түсініп отырсыз. Мұндай өлшеммен несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 365 пайызға бір-ақ жетеді. Мысалы, 30 мың теңге несие рәсімдеген болсаңыз, небәрі бір айдың ішінде 40-45 мың теңгенің көлемінде өтемақы қосып төлейсіз. Әйтпесе, сіздің шотыңызға шектеу қойып, есепшотыңызға түскен қаржыны шектейді. Тағы бір кемшілігі, мұндай ұйымдардан несие алып, оны уақытылы қайтара алмасаңыз, оның барлығы сіздің несие тарихыңызға жазылады. Одан кейін әдеттегі банктерге маңайлаудан қаласыз. Мұндай ұйымдар, сондай-ақ, беретін несиесі үшін (мейлі ол аса ірі мөлшерде болмаса да) кепілдік талап етеді. Ол кепілдік басқа емес – құжат. Жеке бас куәлігі немесе төлқұжаттың өзі. Елімізде жеке басты куәландыратын құжатты кепілдікке қою заңмен тыйым салынғанын және оның арты ірі алаяқтыққа апаруы мүмкін екенін ескеру керек. Бірақ, бұл талаппен таныс болса да олар мән беріп отырған жоқ. Шағын несиелік ұйымдардың қызмет көрсету сапасының төмендігін де айта кеткен жөн. Несие алушыға жеңілдік ұсыну деген дүниелер оларға мүлдем жат. Сіздің жасаған өтініш, сұраныстарыңызды елемей қою олар үшін түк емес. Мұндай мекемелер қызметінің тағы бір күмәнді тұсы қарызын қайтармаған клиенттерден несие өндіру тетіктерінде жатыр. Қарызыңызды қайтармай қойсаңыз олар сізді ешқащан тікелей сотқа бермейді. Оның орнына борышкерлермен жұмыс істеу жөніндегі қызметтердің көмегіне жүгінеді. Сотқа да солар береді. Неге дейсіз бе? Шағын қаржы ұйымдарының дені қызметтерінің заң аясында және таза екеніне кепілдік бере алмайды. Несиені дер кезінде төлей алмаған қазақстандықтарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде. Тіпті, қарызын кешіктірген күндерге еселеп қайтаруға мәжбүрлеп жатқан көрінеді. Міне осындай келеңсіздікті көре тұрып, халық тапқантаянғанын тұтастай банкке беруді әдетке айналдырған. Ол төлемнің басым бөлігі банк еншісіндегі үстемеақылар. Екінші деңгейлі кейбір банктер шекараның арғы бетінен 2-3 пайызбен алған қаржыларын халыққа 25-45 пайызбен беріп жатқанын ескерсек, болашақты бағдарлау қиын. Әлбетте, таяқтың екі ұшы бар. Қалай десек те, халық қарызға өмір сүруге құмарақ.
Несие алып той жасап, несиемен үйін дүниемен толтыру қалыпты жағдайға айналғандай. Тіпті, азық-түліктің өзін несиеге рәсімдейтіндер де бар. Бес жыл бойы жүргізілген ауқымды зерттеудің нәтижесінде Гарвард университетінің ғалымдары жұрттың лаңкестіктен емес, қаржы мекемелерінен көбірек зардап шегетінін дәлелдеп шықты. Олардың мәліметінше, осы мерзім ішінде 40 мыңға жуық адам қаржылық қиындықтар салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған көрінеді. Жарайды, ардан безгендердiң iсiн қоя тұрайықшы. Мына заңды тiркелген банктердiң халыққа көрсетiп жатқан қызметiн қалай түсiнемiз. Жұрттың жыртығына жамау болып отыр ма? Керiсiнше, халықтың қалтасындағы соңғы тиынына дейiн қол салып отыр ма? Осы Қай банктi алып қарасақ та пайыздық мөлшерлемесi тым жоғары, ең төменгiсiнiң өзi 16 пайызды құрайды деседі. Бірақ, 16 пайызбен несиесін жапқан бірде-бір жан жоқ. Себебі, жасырын үстеме пайыздар жетерлік. Барлығын қоса есептей келсеңіз, 40 пайыздың үстіне еркін шығып кетеді Осы тұста белгілі экономист Мақсат Халық Қазақстандағы қайтарылмаған несиелердің көбею себебі, қымбат кредиттер және халықтың қаржы бойынша сауатын ашуға қатысты өз ойын ортаға салды. – Банктер жеке тұлғаларға оңды-солды несие мақұлдады. Елдің қарызға шырмалуының тағы бір себебі - несие пайызының жоғары болуы. Елімізде кредиттің жылдық тиімді пайыз мөлшерлемесі қазіргі уақытты 56 пайыз болып тұр. Бұл - өте жоғары. Бұл азаматтарға үлкен ауыртпашылық екенін көп жерде айтып жүрмін. Менің ұсынысым - ең жоғарғы шегі 30 пайыз болсын. Өйткені бізде базалық пайыз мөлшерлемесі - 16,5 пайыз, 16,5 пайызбен 30 пайыз арасында банктер өздеріне керек табысын таба алады. Сондықтан халықтың қаржылық сауатын аттыруға барынша күш салу қажет. Әрине, ол кешенді, үлкен сипатта болуы керек, мемлекеттік бағдарлама ретінде және мектепте 3-4 сыныпта "Қаржылық әліппе", кейін 6-7 сыныптарға "Экономикаға кіріспе" деген пән, 9-10 сыныптарда "Іскерлік негіздері" секілді кәсіпкерлікке баулитын пән жүрсе, меніңше, балаларымызды болашаққа сауатты етіп дайындай аламыз. Университет қабырғасында да арнайы пәннің болуы маңызды. Одан кейін мемлекеттік телеарналарда қаржылық сауатты арттыру бағдарламалары болса, одан бөлек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтын меніңше жаңарту керек, түрлендіру керек. Өйткені бізде "акция, облигация сатып аласыздар" деп халықты алдап жатқандар бар. Алаяқтарға ұрынбау үшін мемлекет орталықтандырған түрде қаржылық сауатты қолға алуы керек. Осы бір ресурстың маңызды екенін көрсету керек. Сол жерге бүкіл керекті акпарат, қаржылық алаяқтардан сақтану, депозиттерді басқару, жинақтарды басқару, оны көбейту, инвестициялау және тиімді несие алу жолдары деген сияқты нақты-нақты мәліметтер жүктелсе құба-құп.
Осы арқылы біз елімізді белгілі бір дәрежеде қаржылай сауатты болуға баули аламыз, – деп үндеу жариялады. Ал, Қазақстан шағын несие ұйымдары қауымдастығының директоры Анатолий Глуховтың айтуынша, қолданыстағы заңға сәйкес, шағын несие ұйымдарының қызметi лицензияланбайды және реттелiп отырған жоқ дейдi. «Шағын несие ұйымдарын құру және жұмысын жүргiзу шарттары либералдық деуге болады. Сондықтан да осындай мекемелер елiмiзде көбейіп кеткен. Айталы, бiзде үлкендi-кiшiлi 37 коммерциялық банк бар екен. Алайда, қандай қажетiмiзге жарап жатыр. Жақында саяси шешiмдер институты мынадай қызық мәлiметтi алға тартты. Елдегi тұрғындардың жартысына жуығы, яғни 45,7 пайызы несиеге байланған. Ал аймақ бойынша алып қарар болсақ, көрсеткiш әртүрлi. Алматы мен Астана халқының үштен бiр бөлiгi борышкер болса, солтүстiк өңiрде 40 пайызға жуығы, басқа облыстарда тұрғындардың жартысынан астамы қарызға белшеден батқан. Әсiресе, шығысқазақстандықтар несиеге аса құмар болып шықты. Мұндағы халықтың 63,1 пайызы берешек. Осындай мәлiметке қарағанда, елiмiзде несиеге тәуелдi адамдардың көбейiп бара жатқаны байқалады. Биылғы жылдың бiрiншi жартысының қорытындысы бойынша, банктердiң 79 пайызында несиеге деген сұраныс артқан. Осы орайда елiмiздегi банктердiң бiрнешеуiнiң пайыздың үстемелерiне көз жүгiртiп көрейiкшi.
Айталық, БТА банкiнiң «Жедел жалақылық» деп аталатын несие бағдарламасының жылдық үстемесi 24%-дан асса, «Жедел баламалы» деп аталатын түрi 29%-дық үстемеден басталады екен. «Каспийдiң» несиелiк бағдарламаларының көпшiлiгiнде пайыздық ставка 20%-дан төмен емес. Одан өзгесi де жетiсiп тұрған жоқ. «Жеке қолма-қол» аталатын несие бағдарламасының пайыздық ставкасы 23-25%, «Оңай экспресс» бағдарламасы арқылы қарыз алсаңыз жылына кем дегенде 17-18% аралығында үстеме қосып бересiз. Автокөлiк алам дегендерге үстеме 13-15% аралығында. Бұдан өзге «Еуразиялық», «Халық» банктерiнiң несие шарттарын зерттеп көрдiк. Барлығының пайыздық үстемесi жоғары. Мұның барлығы тек қана жеке тұлғаларға берiлетiн, шағын және орта сомадағы экспресс несиелер екенiн айта кетейiк. Осы тұста, аудандағы қаржы саласының ардагері Жамур Мүсілімнің өз айтары бар:
– Қазір сананы тұрмыс билеген уақытта, “несие алмаңдар” деп айта алмайсың. Жұрт жейтін тамағының емес, несиенің жайымен шапқылап жүр. Осыны банктерді оңтайлы пайдаланып отыр. Бұрын несие алатын болсақ, айлық табысты есептеп, жұмыс орнынан арнайы анықтама алдыратын. Ал, қазір үйде отырыпақ, телефон арқылы ала беруге болады. Жүз мың айлық алатын болсаң да, екі жүз мың кредит бере береді. Банктердің пайыздық үстемақысы өте көп. Шын мәнісінде, елімізде халықтың 90 пайызы несиенің нәубетін арқалап жүр. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан деген азамат өте жақсы бастаманы қолға алып, оңтайлы ұсыныстар айтып жатыр. Мен толықтай келісемін. Сол несиенің зардабын менің балаларым да көріп жүр. Несие алмайын десе, қарекет ету үшін әжептеуір қаражат керек. Амалдың жоғынан банктердің есігін қағуға тура келеді.
Дей тұрғанымен, несиені ақылмен алмағандар, үлкен пайыздары бар қарыздардың шырмауында қалып жатады. Нәтижесінде кепілдікке қойылған баспанасына дейін иелігінен кетіп, сан соғып жататын жағдайларда көп. Өйткені, біздегі банктердің үстемі ақысы өте көп. Бұл мәселе де өз шешімін табар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын уақыт та келер. Халық шыдамдылық танытса бұл ауыр кезеңдерден де өтіп кетерміз, – дейді қаржы саласының ардагері.
Әлбетте, жоғарыда айтылғаннан бәрі ресми банкке қарызды арқау еттік. Одан бөлек, үлкенді-кішілі азық-түлік, киім-кешек дүкендерінің көпшілігінде елдің қарызын жазып қоятын «қарыз дәптер» бар. Дүкеншіге көзтаныс болып қалған келушілер ақшасы жоқ болса, «қарыз дәптеріне» берешегін жаздырып, қажетін ала береді. Біздің көнбіс халық күнкөріс үшін оған да көнген. Дүкеншіге тауарының қарызға болса да өткені керек, ақшадан қысылған жанға жаздырып болса да тамақ алып ішуі керек.
Кент орталығындағы Хорасан ата көшесінің бойындағы 4-5 дүкенге кіріп шықтық. «Нұр-Ару» дүкенінің иесі Халима Болатқызы сауда орнын жалға алып, жұмыс істеп жатқанына бес жылдан асқан екен. – Күн сайын тауырдың бағасы қымбаттап жатыр. Ай түгілі емес, апта сайын баға құбылып тұрады. Шынымды айтсам, дүкенге келген екі адамның біреуі қарызға жаздырып әкетеді. Сенесіздер ме, жұрттың жаздырып алған азық-түліктің қарызы миллионнан асып кетті. Кейбір кісілер 50-60 мың теңгеге дейін қарыз. Кейбіреулері берешектерін бермей бой көрсетпей кетеді. Ақшасын 2-3 ай, тіпті жарты жылдан кейін әрең қайтаратындар бар. Қарыз кісілерге жаймен айтамыз, ұрысамыз, әйтеуір берешегін алуға тырысамыз. Өйткені, дүкенді жалға алып отырғаннан кейін, бізге де оңай соқпайды, – дейді ол.
Екінші дүкендегі сатушы Жанат Қасымбекова қарыз сұрап келген қазақты көргенде бермей жіберуге арым жібермейді дейді сатушы:
– Мына жаңа жыл жақындап, мереке қарсаңында тауардың бағасы қатты қымбаттады. Темекі мен арақ бағасына 50-100 теңге қосылды. Шоколадтар 40-50 теңгеге өсті. Жалпы, тауардың бәрі қымбаттап кетті ғой. Жұрт бағаны құдды мен өсіріп жатқандай ренжиді, көтерме саудадан жеткізетін бағасы сол болса не істейміз?! Қарызға бермесең, ренжіп, дүкенге келмей кететіндер бар. Бізге адамдардың көп болғаны керек, әрине, олар төлем төлеуге қабілетті болса жақсы ғой. Айналадағы дүкендердің бәрінде де жұрттың қарызын жазып отыратын «қарыз дәптер» бар. Міне, қазір сатып алушылардың дүкенге қарызы 700 мыңнан асады, – деп сатушы.
Әлбетте, таяқтың екі ұшы бар. Қалай десек те, халық қарызға өмір сүруге құмар-ақ. Өкінішке қарай, халқымыз несиені еселеп алуға тырысып-ақ бағуда. Несиесін төлей алмай талайлар кепілге қойған баспанасынан айырылып жатқаны да, қарызын төлей алмаған кейбір шаңырақтың ортасына түсіп жатқаны да шындық. Ал олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, несие пайыздарымен дұрыс жұмыс істеуді үйрету бағытында елімізде ешқандай жүйелі жұмыстың жүргізілмей жатқаны жанға батады. Егерде осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілетін болса, «қатықсыз қара су ішсе де» бойына сіңіп, ұйқы тыныш, көңілге кірбің түспей қарызсыз өмір сүруге әдеттенер ме еді.
Әсел РЗАЕВА