Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа экономикалық саясаты алдағы кезеңде, ең алдымен, барлық қазақстандықтың өмір сүруі мен әл-ауқаты жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етумен байланысты екенін атап өткен еді. Оның жаңа реформасында Қазақстан даму банкінің жұмыс форматын елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесетіндей қайта қарауды ұсынған болатын.
Қазір мемлекет тарапынан мүмкіндік көп. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланған Жалағаш ауданының тұрғыны Серік Тасбергенов 2023 жылы «Іскер» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, мал шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Бордақылау мақсатында қорадағы жылқы басын көбейтіп, кәсібінің пайдасын көріп отыр. Қазірде тұрақты тұтынушыларын етпен қамтамасыз етуде. Болашақта мал басын көбейтіп, алаңның көлемін кеңейтуді ойлап отыр. Ал негізгі мақсат – халықты сапалы және қолжетімді бағада етпен қамтамасыз ету.
Айта кетейік, Қызылорда облысындағы шағын және орта кәсіпкерлердің саны 37,5 пайызға ұлғайып, 72 685 бірлікке жеткен. Жалпы осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 18 пайызға артыпты. Қазіргі таңда экономикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 35 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Кәсіпкерлік субъектілерінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4 орында. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден шамамен 23 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жарты жылда 2 мыңнан аса жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Облыс әкімі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімін қамтамасыз етуді және жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 21,5%-ға арттыруды тапсырды. Сонымен қатар жауапты басқарма орта бизнестің үлесін 9 пайызға жеткізу бағытында нақты жұмыстарды үйлестірілуі керек.
