Kyzylorda-news.kz. 2022 жылға жоспарланған «Neo Nomad 2022» республикалық акциясы шеңберінде Қармақшы ауданы Қорқыт ата мемориалдық кешенінде «фотоспот» фотоалаңы орнатылды.

Жоспарға сәйкес фотоспот фотоалаңдарын орнатуға еліміздің 20 көрнекті аймақтары таңдалған. Акция шартына сәйкес туристер барлық фотоспоттар жанында суретке түсіп әлеуметтік желілерде #NeoNomad2022 хэштегімен жүктеуі қажет.

Шартты орындаған туристер «NEO Nomad 2022» атағымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болуға мүмкіндігі бар.

Бүгінде, фотоспот Нұр-Сұлтан қаласындағы «Байтерек» монументі және Қызылорда облысындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені жандарынан орнатылды.

«Туристерге арналған жаңа жоба «Neo Nomad 2022» (заманауи көшпенді) деп аталады. Турист бір жылдың ішінде еліміздің 20 аймағына барып, арнайы қойылған жиектеменің (рамка) алдында суретке түсуі тиіс. Солайша 20 фотосурет жинаған туристке «Заманауи көшпенді» мәртебесі мен естелік сыйлық табыс етіледі. Тағы бір талап фотосуреттерді Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріне арнайы #NeoNomad2022 хэштегімен жариялау қажет. Бүгін арнайы фото алаң Нұр-Сұлтан қаласында алғаш ашылып отыр. Алдағы уақытта барлық 20 өңірде болады», – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Қазақстан бойынша локациялар тізімі:

1. Нұр-Сұлтан қаласы – «Бәйтерек» монументі;

2. Алматы қаласы- «Шымбұлақ» тау курорты;

3. Ақмола облысы – Зеренді көлі;

4. Ақтөбе облысы – Ақтолағай үстірті;

5. Алматы облысы – Таңбалы петроглифтері;

6. Атырау облысы – Сарайшық қалашығы;

7. Батыс Қазақстан облысы – Көпестер үйі (Орал қаласы);

8. Жамбыл облысы – Айша бибі кесенесі;

9. Қарағанды облысы – Қарқаралы МҰТП;

10. Қостанай облысы – Науырзым қорығы;

11. Қызылорда облысы – «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені;

12. Маңғыстау облысы – «Көгілдір шығанақ»;

13. Түркістан облысы – Сауран қалашығы;

14. Павлодар облысы – «Кемпіртас» жартасы «Баянауыл» МҰТП;

15. Солтүстік Қазақстан облысы – Имантау көлі;

16. Шығыс Қазақстан облысы – «Берел» мұражай-қорығы;

17. Шымкент қаласы – «Цитадель» тарихи кешені;

18. Абай облысы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени кешені;

19. Жетісу облысы – Жасылкөл көлі;

20. Ұлытау облысы – «Жошы Хан» тарихи-мәдени орталығы.

Тағы да оқыңыз: