Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірі инвестиция тарту көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Елдегі, өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту – стратегиялық міндеттің бірі. Бұл – аймақтың қалай жұмыс істеп жатқанының нақты индикаторы. Мамандар біздің өңірдің ұстанған бағыт-бағдарына дұрыс баға беруде. Мәселен, былтыр өңір экономикасына инвестиция тарту жоспары артығымен орындалған. Биыл да сол биіктен табылу көзделіп отыр.
Осы орайда, инвестиция тарту көзін ұлғайту мақсатында бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов «Краммель» неміс корпорациясы өкілдерін қабылдады.
«Краммель» корпорациясы 1947 жылы құрылып, алғашқы жұмысты өнеркәсіптік ғимараттарды салудан бастаған. Бүгінде жоғары сапалы және заманауи сәулетті көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүзеге асырады.
Кездесу барысында делегация өкілдеріне облыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, өзара тиімді ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, германиялық инвесторларға облыс аумағында құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылық өнімдерін терең өндеу және азық-түлік өнеркәсібі бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұсынысы айтылды.
Кездесу соңында әкімдік шетелдік инвесторлармен өзара ашық әрі сенімді байланыстар орнатып, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.