Kyzylorda-news.kz. Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды. Ол 14 мамырға дейін жалғасады, деп хабарлайды Stan.kz.
ҰБТ-ға қатысу үшін тіркеуден (https://app.testcenter.kz) өту қажет. Білім министрлігінің хабарлауынша, тестілеу 16 мамырдан 5 шілдеге дейін өтеді. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады.
«Бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов түлектерге жолдаған хатында талапкерлерге тиімді шешім қабылданғанын мәлімдеді. Енді олар ҰБТ тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік алды. Сонымен қатар бір бейінді пәндердің комбинациясын екі рет таңдауға болады», – деді Ұлттық тестілеу орталығы директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетері, алдыңғы екі ҰБТ-2022 (қаңтар, наурыз) қорытындысы бойынша тест тапсырушының орташа балы – 68,5 балл, бұл былтырғы нәтижеден жоғары. Қатысушылардың 70%-дан астамы шекті балды жинай алды, ал ең үздік көрсеткіш – 135 балл.
Талапкерлердің академиялық адалдықты сақтауында да оң өзгеріс байқалады. Тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті, сондай-ақ оларды тестілеу кезінде пайдалану 2-3 есе азайды. Сонымен қатар наурызда өткен ҰБТ-да әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Бұл талапкерлерге өздерінің әлсіз тұстарын жақсартып, негізгі ҰБТ-ға бұдан да тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік береді.
«Түлектердің ҰБТ-ға жақсы дайындалуының тағы бір мүмкіндігі – Ұлттық тестілеу орталығының тегін онлайн-сынақ тестілеуін іске қосуы. Онымен қоса ҰТО-мен бірлесіп әзірленген білім беру орталықтарының тегін онлайн сабақтары да жалғасып жатыр», – делінген ақпаратта.
Әрбір ҰБТ-ға қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан тыс жерге шығаруға тырысқан жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, оның тест нәтижелерін жояды.
Пәндердің саны өзгеріссіз қалады – үш міндетті және екі таңдау пәні. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан – 15, математикалық сауаттылықтан – 15, оқу сауаттылығынан – 20 және екі бейіндік пәннен – 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).
Ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге тест тапсырмаларын орындауға қолайлы жағдай жасау үшін алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілді. Ерекше талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін тест нұсқалары суреттерсіз, диаграммаларсыз және сызбасыз әзірленді. Сондай-ақ ҰБТ кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және металдардың бірқатар белсенділігі қосылған тұздың ерігіштігі кестесі болады.
Үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады.