Kyzylorda-news.kz   Аймақтағы NEET санатындағы жастарға басымдылық бере отырып мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды насихаттау, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында «Basta» бизнес лагері ұйымдастырылады. Аталған лагерь 25-26 маусым аралығында өтеді. Шара қоғамдық даму басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы, «Ай-Қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылады. 

Бизнес-тренер,Қызылорда облысы бойынша кәсіпкер әйелдер қауымдастығының төрайымы −  Мишукова Наталья Валентиновна. Шара барысында бизнес жобалар ұсынылып, жүлделі орындарға жастар бақ сынасады. Жүлде қоры − 410 000 теңге.

Жастар − ел тұтқасын ұстайтын, ұлт пен мемлекеттің ертеңіне жауапты, жарқын болашақ құрудағы маңызды рөл атқаратын топ. Қазақстанда 6 миллионға жуық жас бар. Бұл санатты 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Ал заңнамадағы өзгеріске дейін бұл құрамға 14 пен 29 жас аралығындағылар жататын. Жас құрамы өзгерді, бұл дегеніміз жастарға берілетін мүмкіндіктердің де көбейгенін көрсетеді. 

Қызылорда өңірінде 244 мыңнан астам жас бар. Ал республикадағы жастар саны 6 миллионға жуықтады. Айта кетейік, өңірдегі жұмыссыз жастарды ақпараттандыру мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Еңбек мобильділігі мен мансап орталықтары тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады. Биыл төрт айдың ішінде 16 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілген. Онда 211 жұмыс берушіден 952 бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 1002 жұмыссыздың ішінен 316 адам тұрақты, 29 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Жәрмеңке арқылы жұмыспен қамтылғандардың 78,7 пайызы жұмыссыз жастардың үлесінде. Бұған қоса, 2023 жылдың тамыз айынан бастап tanda.enbek.kz платформасында бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Жастар мәселесі қоғамдағы өзекті тақырып. Мәселен жуырда жастар мәселесі мен жастарға арналған мүмкіндіктерді талқылау мақсатында «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» Қызылорда облыстық филиалы кездесу ұйымдастырды. Бүгін сол жағалауда орналасқан жастар орталығында өткен іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер мен сала мамандары қатысты. Жиын барысында «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков кездесудің мақсаты мен міндетіне тоқталды.  

«Бүгінде мемлекет және өзге ұйымдар тарапынан жастар үшін мүмкіндіктер мен қолдаулар көп. Өзіне қажеттінің барлығын меңгерген дұрыс. Өйткені өмірдің өзі сынақтардан тұратын болғандықтан, кез-келген ауыртпашылық пен сынақтарға дайын болу керек. Сондықтан білім мен ізденістерге, кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндікті жастар пайдалануы тиіс», — деді.

Сондай-ақ, жастардың қоғам өміріне белсене араласуының маңыздылығына, өз дағдыларын дамытуға және табысты мансап құруға ұмтылған жастарға қолжетімді бағдарламалардың сан алуандығына тоқталды.

Келесі сөз, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Тілеске берілді. Спикер жастар мәселесіне, атап айтқанда жұмыссыздық пен лудоманияның қоғам үшін, жастар үшін қауіптілігін айтты. Сондай-ақ, «Сыр жастары» бағдарламасы мен орталықтың нәтижелеріне тоқталды.

– Жастар саясатын жүзеге асыру әр мемлекеттің жарқын болашағына жасаған инвестициясы. Қызылорда өңірінде 244 мыңнан астам жас бар.

Жастарға байланысты түрлі мәселелер қозғалуда. Бүгінде өзекті және өзгермейтін 2 мәселе бар. Біріншісі – жұмыссыздық, екіншісі – тұрғын үй мәселесі. Біздің орталық түрлі санаттағы жастар арасынан сауалнама жүргізеді. Сауалнама нәтижесінде бұл мәселелер жиі көрсетіледі. Бірақ жастар категориясын ескерген жөн. Себебі 14 жастағы балаға тұрғын үй мәселесі өзекті болмауы мүмкін. Оның рухани дамуы, бос уақытын тиімді пайдалануы өзекті. Ал 25 пен 35 жас аралығындағы азаматтар үй мәселесі мен еңбекке басымдық береді. Сондықтан барлық жастарды жұмыссыз деп айта алмаймыз.

Жалпы ресурстық орталықтар барлық өңірде жұмыс істейді. Бірақ ғимараты бар әрі арнайы жабдықталған орталықтар санаулы аймақта бар. Сондықтан біз және жастар осы мүмкіндікті жақсы әрі оңтайлы пайдалануымыз қажет. Облыстық жастар орталығының өткен жылы атқарған ауқымды жұмысы ретінде «Сыр жастары» бағдарламасы. Былтыр аймақ басшысына «Сыр жастары» тұрғын үй бағдарламасын енгізуді ұсындық. Бүгінде жас отбасылар арасында үй мәселе өзекті. Сол себепті бағдарлама әзірлеп, облыстық жастар орталығының ғимаратында құжаттар қабылдауды бастадық. «Сыр жастары» аясында жуырда ғана 60 отбасы пәтерге ие болды. Бұл біз үшін үлкен жеңіс.

Келесі мәселе жас кәсіпкерлердің санын көбейту. Сіз студент болсаңыз да, сізде кәсіп бастауға толық мүмкіндік бар. Яғни жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру жұмыстарын қолға алдық, − деді Қызылорда облысының «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Тілес.

Кездесуде қаралған басты мәселелердің бірі – қолда бар гранттар мен шәкіртақыларға қатысты. Спикерлер «Болашақ», «Алтын белгі», «Өрлеу» және «Қазақстан халқына» сияқты студенттерді қолдаудың ағымдағы бағдарламаларын егжей-тегжейлі қарастырды. Сондай-ақ, жастардың шетелде білім алуына мүмкіндік беретін Эразмус+ және Фулбрайт сияқты көптеген халықаралық бағдарламалар бар екені айтылды.

Көптеген жас кәсіпкерлердің бастау нүктесіне айналған бизнес-инкубаторларға ерекше көңіл бөлінді. Мысал ретінде қаламыздағы «Kyzylorda Hab» бизнес-инкубаторы келтірілді. Бұл инкубатор жас стартаптарға тегін кеңсе кеңістігін, сарапшылық кеңестерді және инвестицияға қолжетімділікті ұсынады.

Өңірімізде жұмыссыз жастарды жұмысқа тарту және ақпараттандыру мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Еңбек мобильділігі мен Мансап орталықтары тұрақты түрде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады.

Республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды. Онда жастардың үлесі 3,1 пайызға жеткен. Жұмыссыздық – қазіргі замандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Жастардың жұмыс таба алмауы немесе тұрақты жұмысқа орналасудағы қиындықтары олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нашарлатады және болашаққа деген сенімін төмендетеді. Бұл туралы кездесуде республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Әлия Тәжібай баяндады.

Спикердің айтуынша, жастардың еңбек етуге құлқы жоқ. Бұл да жұмыссыздық деңгейінің жоғарылауына әсер етеді. Келесі себеп − жұмыс беруші мекемелер жас әрі тәжірибесі бар маман іздейді. Жұмыссыздық жастардың әлеуметтік оқшаулануына, депрессия секілді басқа да психологиялық мәселелерге әкеледі. Жұмыссыз жастар арасында қылмыс пен құқық бұзушылық деңгейінің өсуі мүмкін екенін айтты.

Жұмыссыздық мәселесімен қатар жастардың жаңа дағдыларды игеруі, дамуы туралы айтылды. Әлия Жанәбілқызы ақпараттық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерге тоқталды.

Қызылорда облысында 2023 жылы жастар арасында 616 қылмыс тіркелген. Оған 699 жас пен жасөспірім қатысқан. Олардың ішінде 23 мектеп оқушысы, 47 студент, 68 әртүрлі мекемеде жұмыс істейтін жастар бар. Қалған 561-і немесе 80,2 пайызы – жұмыссыз, еш жерде оқымайтындар. Бұдан байқағанымыз, жұмыссыздар қылмыс пен бұзақылыққа бейім келеді, − деді спикер.

Бүгінде Қызылордада IT сала қарқынды дамуда. Жыл сайын хакатон, инновациялық жобалар фестивалі мен түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жастардың да қызығушылығы артуда. Ақпараттық технологиялар саласы тек сала мамандарына ғана емес, басқа да бағыттағы мамандарға қажет. Цифрлық дағдылар мен қабілеттерді үйреніп, өз салаңызбен байланыстыру қажет. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттыруда таптырмас құрал. Ал тәжірибе жинап, білімімді арттырамын десеңіз облыстағы орталықтардың көмегіне жүгіне аласыздар. Мәселен, жастар орталығында орналасқан «IT park» пен «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторы апта сайын түрлі курстар мен митаптар (meet-up) өткізеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Қызылорда облыстық филиалының маманы Жақсыгүл Оразалиева жастар мәселесіндегі психилогиялық бағытқа тоқталды. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін айтты.

– Neet санатының көбеюіне байланысты жастардың психологиясы бүгінде бір қалыпты емес. Құмар ойындар салдарынан қаншама жасөспірімдер өздерін жоғалтуда. Әр адам өз өміріне жауапты, – деді Ж.Оразалиева.

Сонымен қатар кездесуде Айнұр Досжанова қатысушылар арасында практикалық ойындар жүргізді. Жастарға мемлекеттен бөлінетін гранттар мен мүмкіндіктер туралы айты.

Жиын соңында жастар өз ойларын ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Қатысушылар ЖСДП-ға жаңа перспективалар туралы білуге ​​және олар үшін маңызды тақырыптарды талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдірді.

 

А.Текебай

Фото:z-taraz.kz

Тағы да оқыңыз: