Kyzylorda-news.kz. Елімізде орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасы Тәуелсіздіктің 30 жылдан астам тарихында болған ең қатал сынақ болды, дейді облыстық мәслихаттың хатшысы, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов. 

Кездейсоқ мәселеге қалай қарайтынымызды білдіруде ең алдымен оған деген сол мезеттегі көзқарасымызды басшылыққа аламыз. Сондықтан болар кейбір отты мәселелерді араға уақыт салып сараптаудың тарихи маңызы бар. Арада жыл өткізіп, сараптаудың да өзіндік ерекшелігін ескеруіміз қажет. Әр жыл сайын оқиғаның жаңа қырларының ашылары да анық.

Бір жыл көлемінде біз бірлікке қабілетті екенімізді, саналы таңдау жасай алатынымызды, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді қорғауға, әділетті қоғам құруға дайын екенімізді дәлелдедік. Ауырлыққа майыспайтын ерік-жігеріміз бен қайыспайтын қайсар күшімізді көрсетіп, төрткүл дүниеге өзіміздің өркениетті өмірге деген хақымызды паш еттік. Еліміз үшін сол бір сындарлы сағаттарда Президент Қ.К.Тоқаевтың тәуелсіздікті сақтап, мемлекеттің ыдырауына жол бермей, тізгінді нық ұстай алатынына баршамыз куә болдық. Халық мемлекет басшысына үміт артып, референдумда және президенттік сайлауда қолдау көрсетіп, қайта құруларды жүзеге асыруға сенім білдірді. Түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасалуда.

«Қаңтар бүлігі» қолда бардың қадірін білуге, тыныштық пен бейбітшіліктің қасиет-құдіретін жан-жүрегімізбен сезінуге жол ашты. Тәуелсіздігіміздің қаншалықты қымбат екеніне көзімізді жеткізді. Қоғамдық-саяси жүйемізді жаңартуға серпін берген оқиға болды. Қандай қиындық болса да жеңетін қуатты күш – татулық пен бірлік екендігін көрсетті.

«Қаңтар сабағы» біреулер үшін арандатушылыққа ұрынған бейбіт митинг, екіншілері үшін террористер ылаңы, үшіншілері үшін саяси жүйені өзгертудің мүмкіндігі деп түсіндіруде. Қолда бар мәліметтерден түсінгенім, бұл мемлекеттік билікті заңсыз жолмен тартып алуға жасалған жойқын әрекет екендігі. Әлі тарих өз бағасын береді. Алайда, тарихтың ашқан ұлы жаңалығы – адамдардың тарихтан сабақ алмайтындығын ескере бермейміз. Мысалы, кезінде әділетсіз биліктің кесірін «араб көктемі» соқырға таяқ ұстатқандай көрсетті деп ойлаймын.

Қалай дегенде де «қаңтар қақтығысы» санамызды бір серпілтті. Біз енді ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Сондықтан да, бәріміз ел болып, өзіміз үшін еңбектеніп, халқымыз үшін қызмет етуіміз керек.

Тағы да оқыңыз: