Kyzylorda-news.kz Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қармақшыда 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» жоғары дәрежеде аталып өтті. Бұл күні Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында сал-серілер келіп, халық әндерінен шығармалар орындап, күй тартыс және термелер орындалды. Жиынға жиналған жұртшылық бесікке салу, тұсаукесер, сырға салу және қыз ұзату рәсіміне куә болды. Ардақты ағаларға арнайы қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
Салт-дәстүрлердің барлық ырымдары мен жол-жоралғылары орындалды. Үлкендер тарапынан бата-тілектер білдіріліп, шашу шашылып, ырым жасаған жандарға көйлек, жаулық секілді сый таратылды.
Сондай-ақ Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінде «Сәлем салу» дәстүрі ұйымдастырылды. Жыраулар үйіне келген ақ жаулықты аналарға иіле сәлем салған келіндер ибалық пен ізеттіліктің, үлкенге құрмет, кішіден ізет болар өнегені көрсетті. Мерекелік іс-шарада Қармақшы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков мерекелік лебіздерін білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді. Одан соң, халқымыздың ән-күйлері орындалып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
