Kyzylorda-news.kz 47 жастағы Құралай Батырхан 5 шілдеде Алматыдағы танымал Amira емханасында артық майын алып тастайтын липосакция отасын жасатамын деп ажал құшты. Марқұмның жақындары әділдікті талап етіп, кінәлілердің жазалануын талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

47 жастағы Құралай Батырхан құны 2 миллион теңге тұратын ота арқылы арықтамақ болыпты. Себебі 2 баланың анасы 103 келіге дейін салмақ қосып, өзін жайсыз сезінген, денесінде қатпарлар пайда болып, терісі қиылып қалған. Жоғары қабатқа көтерілгенде, ентігіп, автобустарға міне алмайтынын түсінген. Бауырларының айтуынша, 25 жылдық өтілі бар мұғалім физикалық жаттығулар жасап, тонус клубына да жазылған, ұзақ уақыт артық салмақпен күрескен. Алайда жыл сайын салмақ қоса беріпті.

Оның үстіне 5 жыл бұрын марқұмның жатырын алып тастапты. Бауырларының сөзінше, осыдан соң гормон дизбалансы болып, толықтауына әсер етіпті.

"Бала кезінен тез толады. Бірақ соңғы уақытта тез салмақ қосты. Қарны салбырап, аяғы ісіп кететін. Өзі де ауырсынып қалатынын, артық салмақ ағзасына кері әсер етіп жатқанын айтатын еді. Сол үшін “майымды сорғызамын” деді. Мұны бір ауыр ота деп ойламадым”, – деді Құралай Батырханның анасы Нұрбала Тойымбаева.

Құралайдың сіңлілері пластикалық ота жасайтын емхананы ұзақ зерттеп іздегендерін айтты. Сөздерінше, барлық блогер жақсы пікір айтып, мақтағаннан соң Amira емханасына жасататын боп шешкен. Бұл емханада әнші Луина, блогер Карина Оксукпаева пен Әсел Асқар, Ninety One әншілері пластикалық ота жасатқан екен.

Клиника дәрігері Данияр Урмурзин ота жеңіл өтетінін және 2 сағатта аяққа тұрып, үйіне қайта алатынын айтып сендірген. Алайда 7:40 шамасында отаға кірген Құралай 5 сағаттан соң жан тапсырды.

“Оның талдау анализдері жақсы болды, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Оған липосакция және абдоминопластика жасалады деді. Яғни майды сорғызған соң артық теріні алып тастайды. Әпкемді шешіндіріп қарады. Денеден 4 кг май аламыз деді. Бұл ота жеңіл өтеді дегесін дәрігерге сендік”, – деді марқұмның сіңлісі Гүлнәр Батырхан.

Отадан оянған соң 12:42-де Құралай жұбайына жазған. Әлі дәрі қабылдап жатқанын, өзіне келе алмай, өте нашар сезініп жатқанын жеткізген. Күйеуі дереу келгенде, ол комаға түскен екен. Қолы өте суық болған. Алайда емханада реанимациялық кабинет болмады дейді.

Әйелдің өлімінің себебі – жедел миокард инфаркті деп жазылған.

Кардиолог маман бұл жерде пластикалық хирург науқасты зерттемегенін және дұрыс талдау анализдерін алмағанын баса айтты. Себебі 3,4-дәрежелі семіздік кезінде гормон ауытқуы, қалқанша безі толыққанды тексерілуі керек еді дейді.

“Әпкеміздің жағдайы қиын екенін біліп, бәріміз емханаға келдік. Алайда олар жедел жәрдем шақырмады. Біз шақырып едік, “мамандардың өзі шақырмаса, біз келмейміз” деді. Біресе қан қысымы көтерілді, біресе қанты жоғарылады деп түрлі нәрселерді айта берді, бірақ нақты түсіндірген жоқ. Не үшін жағдайы нашарлағанын түсірдірмеді. Шамалыдан кейін оның көз жұмғанын айтты. Біз жылап жүрген кезде бізге ескертпестен мәйітханаға денені беріп жіберіпті”, – деді марқұмның бауыры.

Маман Данияр Урмурзин әлі қызметін жалғастырып жүр. Сөзінше, ол мұндай жағдаймен бірінші рет кезігіп отыр.

Қазір Қылмыстық кодекстің 317-бабы “Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы” бойынша іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. 

Фото: stan.kz

Тағы да оқыңыз: