Kyzylorda-news.kz М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде құқық бұзушылықтың, қылмыстардың, жыныстық қол сұғушылық қылмыстарының, нашақорлықтың, буллинг, кибербулингтің алдын алу, психикалық саулықты сақтау мақсатында сала мамандарымен бірлесе жүргізілетін шаралар жоспарына сәйкес «Нашақорлық - ғасыр дерті» тақырыбында жиын өткізілді.

Шараның мақсаты – арнайы мамандармен кездесу ұйымдастырып, психикаға белсенді әсер ететін зиянды заттар туралы ақпарат беру, олардың адам ағзасына кері әсерін түсіндіру арқылы салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. 

Аталған шараға «Облыстық жастар денсаулық орталығының» валеологы Гүлдана Альмурзаева, колледж медбикесі Гүлжахан Айжанова, «Филология» бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Жүсіпова, ОТ-Р-21К оқу тобының топ жетекшісі Жәнібек Қонысов пен студенттер қатысты. 

«Облыстық жастар денсаулық орталығының» валеологы Гүлдана Альмурзаева темекі тартудың, электронды темекілердің зияны және есірткі және спиртті ішімдіктердің жастар денсаулығына әкелер қаупі мен зияны жөніндегі тақырыпты тарқатып айтты. Сондай-ақ, темекінің денсаулыққа зияны туралы слайд, видеоролик көрсетілді. Аталған тақырыпқа сай колледж медбикесі Гүлжаһан Айжанова да пікір білдіріп, зиянды әрекеттерден аулақ болу – әр жас жеткіншектің жарқын болашағының кепілі екенін айтып өтті. 

Шара барысында «Филология» бөлімінің студенттері «Есірткіге жол жоқ» тақырыбында флешмоб қойды, сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысты «Синтетикалық есірткінің таралуы және дәріханалық нашақорлық проблемалары туралы» бейнедәрістер көрсетіліп, Қызылорда облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен әзірленген жадынамалар таратылды. 

Шара барысында толық және қызықты мағлұмат алған студенттер өз алғыстарын білдіріп, пікірлерімен бөлісті.


 

Тағы да оқыңыз: