Kyzylorda-news.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы «Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан өнімдерін шығаратын заманауи кешенінің жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Қызылордада алғашқы нан зауыты 1957 жылы іске қосылып, 1995 жылға дейін халықты нан өнімдерімен қамтамасыз еткен болатын. Араға отыз жыл салып, бұл дәстүр қайта жаңғырып, өткен жылдың соңында жаңа өндірістік кешен жұмысын бастады.

Жалпы құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында бүгінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 170-ке дейін артады. Мемлекеттік қолдау ретінде кәсіпорынға 5 гектар жер телімі беріліп, инфрақұрылым тартылған. Сонымен қатар, 1,2 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынылып, пайыздық мөлшерлемесі субсидияланған.
Жобаның бірінші кезеңінде 3,1 миллиард теңгеге төрт автоматтандырылған өндірістік цех іске қосылды. Ал екінші кезеңде құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын ұн комбинатын салу жоспарланып отыр.
Сапар барысында Мәжіліс депутаттары өндіріс орнын аралап, кәсіпорын жұмысымен танысты. Халық қалаулылары мұндай жобалар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына серпін беретінін атап өтті.
«Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, бәсекеге қабілетті әрі терең өңделген өнім шығаруды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын осы зауаттан ақ байқап отырмыз. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына серпін беретін үлкен жоба. Жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Мұндай жобалар өңірдің экономикалық өркендеуіне үлкен үлес қосатындығына сенімдіміз»,- деді Мұрат Ергешбаев.

