Kyzylorda-news.kz. Жалпы «кәсіп бастаймын», «кәсіпкер атанамын» деген адамға біздің елде мемлекеттік қолдаулар көп. Бастысы ізденіс арқылы тың жоба таңдап, халыққа қажетін өтейтін, сұранысы бар кәсіп түрін таңдасаңыз болғаны. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген пайызбен несие немесе қайтарымсыз грант беріледі.
Осындай мүмкіндікті пайдаланып, өз ісінен береке тауып отырған жас кәсіпкердің қатарында Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Жанәділ Найманов та бар. Ол «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Техника жөндеу» орталығы жобасын ұсынып, құны 2 миллион теңгелік қайтарымсыз грант иегері атанды.
Үйінің жанындағы гаражын шағын көлік жөндеу орталығына айналдырған азамат қайтарымсыз грант арқылы өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Жалпы Жанәділ жастайынан техника тілін жетік меңгеріп, оны жөндеуге машықтанған. Техникаға икемі бар жігіт бұл кәсіппен айналыспас бұрын ұялы телефон, ноутбук, компьютер жөндеумен шұғылданды. Ауыл тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ бұзылған заттарын ауылдағы шеберге әкеліп, жөндетіп алады. Кейін Жанәділ кәсібін кеңейту мақсатында өзінің орталығын ашты.
Ж.Найманов республикаға белгілі Н.Ілиясов ауылында туып-өсті. Ауылдағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептен білім алып, одан кейін Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінде оқыды. Ол жерден «Аударма ісі» мамандығын алып шықты. Арнаулы орта оқу орнын бітірген соң 2013 жылдан бастап ауылдағы «Мағжан және К» ЖШС-де автоэлектрик болып жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта техниканың тілін жетік меңгерген жас кәсіпкер берілген қаражатты толық игерген. Ол алған қаржысына қажетті құралдарын – дәнекерлеу аппаратын, бұрғылау құралын, ауаны қысатын құрылғы, ауыр затты аз ғана биіктікке көтеру үшін қолданылатын құрал, кілттер жинағын, шарқайрақ, май ауыстыру құралдарын, диагностикалық компьютер, тағы басқа да құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібімен айналысуда.
– Алғашында қызығушылығым ұялы телефон жөндеуден басталды. Байқасаңыз кішкене ғана телефонның ішінде қаншама құрылғы, сымдары мен тетіктері бар. Сол қызығушылық мені көлік жөндеуге дейін алып келді. Содан кейін қолымнан келетін кәсіпті бастауға бел будым. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген. Бел шеше кіріссең, барлығы болады екен. Бұл ретте ауыл әкімдігінің мамандары, аудандағы кәсіпкерлік бөлімінің мамандары қолдау көрсетті. Жастарға берілген мұндай мүмкіндіктер үлкен бастамаларға жол ашатынына сенемін. Жас кәсіпкер атанып, қазіргі уақытта өз ісімнен табыс тауып отырмын, – дейді көлік жөндеудің шебері.
Бүгінде жас кәсіпкердің көлік жөндеу шеберханасы ауыл тұрғындарының көліктерінен босамайды. Оған қоса алыс-жақын көршілес ауылдардан да көліктерін жөндетуге әкелетіндер қатары күн санап артып келеді.
Халықтың көңілінен шыққан жас кәсіпкердің кәсібі берекелі болсын!
