Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Абзал және К» толық серіктестігінің жүлдесіне арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Үш күнге жоспарланған турнирге Абай, Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан, облыстары және Қызылорда қаласы, Жанақорған, Шиелі, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданынан 300-ге жуық балуан қатысуда.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай шаралардың келер ұрпақ үшін маңыздылығын айтып өтті.

«Спорттық сайыстардың жүйелі ұйымдастырылуының нәтижесінде спортшыларымыз Қазақстан чемпионаттарында, азия, және әлем біріншіліктерінде ел намысын асқақтатуда. Бүгінгі жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир еңбегімен елге сыйлы болған ел азаматтарын құрметтеп, насихаттауға мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылы бүгінде әлеуеті зор, бірлігі мен татулығы жарасқан үздік мекенге айналды. Туған жерге туын тігіп, ауылға өркениет әкелген, табысын тайқазанда тасытқан ҚР Еңбек Ері Абзал Жұмашұлының ерен еңбегі екенін ел жақсы біледі. Бүгінгі спорттық шараның ұйымдастырылуына бастамашы болып, демеушілік көрсетіп жүрген «Абзал және К» толық серіктестігіне және барлық команда жетекшілеріне алғысымызды білдіремін», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен бірге, шараға облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет, қазақша күрес бойынша ҚР спорт шебері, дзюдо бойынша Халықаралық дәрежелі төреші, ҚР құрметті спорт қайраткері Садық Мұстафаев және тағы басқа қонақтар қатысты.

Әрі қарай спорттық шара жас палуандарымыздың арасындағы тартысты жекпе-жекке ұласты.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев 36 және 40 келі салмақ дәрежесіндегі жас спортшылардың марапаттауына қатысты.

Тағы да оқыңыз: