Kyzylorda-news.kz Елімізде ұлты өзге болса да жүрегі қазақ деп соғатын жандар жетерлік. Әсіресе кейінгі буын өкілдерінің қазақ тіліне, қазақтың ұлттық құндылықтарына деген қызығушылығы бөлек. Сондай жанжардың бірі Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Аделина Финансова. Ол қазақ тілінде жақсы сөйлейді.  Бүгінде  домбыраны жақсы үйреніп, әндер мен күйлерді жоғары деңгейде орындауды жақсы меңгеріп келеді.

Аделинаның домбыра үйренуге деген қызығушылығы жетінші сыныптан басталған. Музыка әлеміне жаны жақын жас өренді домбыра бірден-ақ баурай түсті. Алғашқыда ұстазы Жәнібек оны қалай ұстау қажеттігін үйреткен. Домбыраны үйренуге деген қызығушылығы артқан Аделина қазір қазақтың көптеген әндері мен күйлерін орындауға машықтанып алған.

− Әрбір музыкалық аспаптың өз құпиясы, өз сыры бар. Сол арқылы әрбір халықтың жан дүниесіне бойлай түсетінің анық. Өзім музыкаға жақынмын. Сондықтан музыкалық аспаптарды үйренуге ықыласым ерекше. Қазақ халқының болмыс-бітімін айшықтайтын домбыра мені өзіне ерекше баурай түсті. Сол себепті оны үйренуге шешім қабылдадым. Бұл мақсатта арнайы дәріс алуға бел будым. Оған ата-анам да қарсы болған жоқ. Қолдау білдірді. Осылайша домбыра үйірмесіне бардым. Бұл жөнінен алғашқы ұстазым болған Жәнібек ағайға алғыс айтамын. Ол кісі ынта-ықыласымды байқап, бірден домбыраның қыр-сырын үйрете бастады. Сырт көзге барлығы оңай көрінетін шығар. Десе де мен өз мақсатыма жетуге бар күшімді салдым. Бүгінде домбыраны үйреніп, көптеген шығармаларды орындай алатын деңгейге жеттім. Қазір қосымша домбыра сыныбына барып жүрмін. Менің болашақта биохимия саласының маманы болғым келеді, −дейді ол.

Аделинаның әкесі − орыс, анасы − қазақ. Достарының барлығы жергілікті ұлт өкілдері.

− Отбасында әкем, анам, мен және інім бар. Әкем мемлекет қызметкер болса, анам жеке компанияда есепші қызметін атқарады. Маған қазақша үйрену қиынға соға қойған жоқ. Достарымның барлығы дерлік қазақтар. Бала жасымнан ауызекі тілде қазақша білетін едім. Зияткерлік мектепке келгенен кейін мұнда оны тереңдете оқи бастадым. Бұл жөнінен Әсима апайға ризашылығымды білдіремін. Соның арқасында тілді кеңінен меңгере бастадым. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін жақсы білеміз. Түрлі мерекеде сол салт-дәстүрді қолданып, жергілікті ұлт өкілдерімен бірге тойлаймыз. Қазақстан халқы бірлігі мерекесі күні бәріміз үшін өте маңызды. Халықтың бірлігі қай кезде де қажет. Еліміз бұл жөнінен әлемдегі көптеген мемлекеттерге үлгі бола алады. Қазақстанда көптеген ұлттар тұрады. Барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Жарасымды дәстүр жалғасын таба береді деген сенімдемін. Басты күшіміз − бірлікте екенін жақсы білеміз, − дейді талантты қыз бізбен әңгімесінде.

Аделинаның алға қойған жоспары көп. Еліміздің білікті, білімді азаматы болу. Өнерлі жасқа бұл ретте алар асуының көп болуына тілектеспіз!

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: