Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылы бюжеттен 20 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 355 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөндеуден өткізілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат аланыңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов мемлекеттік бағдарламамен іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.

«Жалпы осы жылы республикалық бюжеттен төрт мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін 10,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Мәселен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ұзындығы – 250 шақырым болатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда ол жолдардың жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 75 пайызға жеткізу қамтамасыз етілетін болады. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде қаладағы бірнеше көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасымен бірқатар аудандарға тиісті қаржы есебінен орташа жөндеу жүргізілуде. «Кіші қалаларды дамыту» жобасымен Арал қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Жаңақорған және Шиелі аудандарында орналасқан апаттық жағдайдағы көпірлерге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді», – деді Мұрат Жолкелдіұлы.

Биылғы жылы автомобиль көлігі арқылы 52,3 млн. жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 107,2 млн. адам яғни 48,8 пайызды құрап отыр. Коронавирус пандемиясы жолаушылар ағымының төмендеуіне әсер етуде. Жолаушылар мен тасымалдаушыларға қала мен аудан орталықтарындағы 3 автовокзал және 8 автостанса қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай әуежай терминалы қолданысқа берілмек.

«Өңірден өтетін магистральдық темір жол желісінің жалпы ұзындығы – 1051,7 шақырымды құрайды. Ал жолаушыларға 8 темір жол вокзалы қызмет көрсетіп келеді. Облыс аумағынан барлығы 19 жұп жолаушы пойызы, оның ішінде облыс орталығынан 5 жұп пойызы ұйымдастырылған. Бүгінгі күні пандемияға байланысты 9 жұп пойызы уақытша тоқтатылып тұр. Әуе көлігі бойынша «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы аптасына 23 тұрақты рейс қатынайды. Тоғыз айдың есебінше әуежайдан 103,18 мың жолаушы жөнелтілді. Қазіргі таңда әуежайдың қолданыстағы жолаушылар терминалын кеңейтуге жұмыстар жүргізілуде. Жобалау сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Жобаға сәйкес, терминалдың ауданы қазіргіден екі есеге, яғни шамамен 1400 шаршы метрге кеңейеді деп күтілуде. Кеңейтілген әуежай терминалында барлық халықаралық стандарт талаптарына сай жолаушыларға қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылатын болады», – деді басқарма басшысы Мұрат Тілеумбетов.

Тағы да оқыңыз: