Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария ауданында әкімі Мұрат Ергешбаев спортшылар күні мерекесі қарсаңында сала ардагерлері мен қызметкерлерін және жас спортшыларды қабылдады.

Аудандағы бұқаралық спортты, ұлттық спортты дамыту бағытында кешенді жоспар жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысымен аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда 6 алтын, 6 күміс, 17 қола медаль жеңіп алған. Олардың қатарында халықаралық турнирлердің, әлем біріншіліктерінің, Азия чемпионатының жүлдегерлері Әлия Сақтапбергенова, Асқар Ұлту, Оразбек Медетбаев, Жеңісбек Төлеген секілді көғалдағы хоккей спортшыларының есімдерін ерекше айтуға болады.

Кездесуде сөз алған аудан басшысы спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ардагер-спортшыларға, жаттықтырушыларға алғысын білдірді.

«Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылады. Біздің ауданымызда дене тәрбиесімен және спортпен шұғылдану жаппай өрістеп, тұрғындарға барынша қолжетімді болуы үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Осы ретте, Тереңөзек кентінде спорттық тренажерлық және стритбол алаңы салынып, пайдалануға берілді», – деді аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы.

Кездесуде ұсыныс-пікірлер айтылып, спорт күні мерекесіне орай аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобыландин ауыл жасөспірімдері арасында өткен IV-ші жазғы ойындарының кубогі мен медалін аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа табыстады.

Тағы да оқыңыз: